Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Аралбайұлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға заң жобасына енгізілген мінез-құлықты қадағалау принциптерінің тиімділігіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат өз сөзінде заң жобасының басты мақсаты банктердің халыққа әділетсіз және жоғары пайызбен несие беру тәжірибесін тоқтату екенін атап өтті.
Меніңше, бұл заң жобасының негізгі міндеті – халықтың есебінен пайда көріп келген банктерді тәртіпке салу. Өйткені біздің банктер жаңа жобаларды немесе бизнесті қолдаудан гөрі, қарапайым халыққа жоғары пайызбен несие беруді ғана біледі. Кейін сол несиелерді еселеп қайтарып алады, – деді Сәрсенғалиев.
Депутат ресми деректерге сүйене отырып, қазіргі таңда қазақстандықтардың қарыз жүктемесі тым жоғары екенін айтты.
2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 8,5 миллион қазақстандықтың несие берешегі бар. Оның жалпы көлемі 23 триллион теңге, бұл еліміздің жылдық бюджетіне жуық сома. Соның ішінде 14 триллион теңге – кепілсіз тұтынушылық несиелер. Бұған қоса, банктер несие бергенде міндетті сақтандыруды қосып, азаматтардың қарызын одан әрі ұлғайтады, – деді депутат.
Сондай-ақ ол банктердің қарыз алудан бас тартқан адамдарға SMS және қоңырау арқылы қайта-қайта несие ұсынуын сынға алды.
Мұндай заңсыздықтар халықты әбден титықтатып отыр. Сондықтан заң жобасында енгізілген мінез-құлықты қадағалау тетіктері банктердің осындай әрекеттерін тоқтата ала ма? Азаматтардың келісімінсіз несие ұсыну, жасырын пайыздарды көрсету сияқты амалдармен күресуге мүмкіндік бере ме? – деп сұрады депутат Сәрсенғалиев.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова депутаттың сұрағына жауап бере отырып, жаңа заң жобасында қаржы ұйымдарының мінез-құлқын қадағалайтын жаңа жүйе енгізілетінін айтты.
Біз соңғы жылдары қаржы тұтынушыларының құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар заңнамалық өзгеріс қабылдадық. Енді осы тәжірибені жинақтап, тәуекелге бағдарланған кешенді қадағалау жүйесін ұсынып отырмыз, – деді агенттік басшысы.
Оның айтуынша, жаңа жүйенің басты элементтері төмендегідей:
- Банктерде тәуекелдерді басқару жүйесі құрылады.
Әрбір банк клиенттердің құқықтарын қорғауға жауапты арнайы бөлімше ашуы тиіс. Бұл бөлімшелер несие беру және қарызды өндіріп алу бөлімдерінен бөлек жұмыс істейді. - Қаржы өнімдерінің сәйкестігі бағаланады.
Банктер ұсынған өнімдер мен қызметтер клиенттің қаржылық жағдайына әсерін бағалайтын болады. - Жосықсыз практикаларға бақылау енгізіледі.
Агенттікке банктердің заңсыз әрекеттерін тоқтату құқығы беріледі.
Мұндай тәжірибелер қатарына қосымша қызметтерді мәжбүрлеп ұсыну, нақты құнын жасыру, жаңылыстыратын ақпарат тарату және агрессивті сату әдістері кіреді, – деді Әбілқасымова.
Сонымен қатар азаматтардың өтініштерін қараудың тиімді жүйесі жасалады. Бұл жүйе тек сандық көрсеткіштерге емес, сапалық өзгерістерге, яғни клиенттермен қарым-қатынастың мәдениеті мен әділдігіне бағытталады. Жаңа модель банктердің жауапсыз несиелеуіне жол бермей, тұтынушылардың құқықтарын сапалы жаңа деңгейде қорғайды, – деп түйіндеді Мәдина Әбілқасымова.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
