Сәрсенбі, 05 қараша, 19:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№84, 2196
04.11.2025
PDF мұрағаты

Банктер қарызын төлей алмағандарға несие бермейді

05.11.2025

53 0

Фото: - архив

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға азаматтардың қарыз жүктемесін төмендетуге бағытталған шаралар туралы сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, 2023 жылы өткен парламенттік тыңдаулар кезінде қазақстандықтардың қаржы ұйымдары алдындағы жалпы берешегі 19 триллион теңге болған, оның ішінде 10 триллион теңгесі кепілсіз тұтынушылық несиелерге тиесілі еді. Екі жыл ішінде бұл көрсеткіш 23 триллион теңгеге дейін өскен.

Соңғы жылдары пайыздық мөлшерлемелерге шектеу қойылып, қарыз жүктемесін бағалау қағидаттары енгізілді, микроқаржы ұйымдарына талаптар күшейтілді. Алайда соған қарамастан халықтың қарыз жүктемесі артып келеді. Осы заң жобасында азаматтардың борыштық ауыртпалығын азайту үшін қандай құқықтық тетіктер қарастырылған? – деп сұрады депутат Үнзила Шапақ.

Сұраққа жауап берген Мәдина Әбілқасымова агенттіктің соңғы жылдары қабылдаған шараларының нақты нәтижесі бар екенін атап өтті.

Былтыр тұтынушылық несиелердің өсуі 33,5% болса, биыл бұл көрсеткіш 17–17,8% деңгейінде. Автокредиттеу сегменті тұтынушылық несиелердің 25%-ын құрайды. Былтыр ол 54% өссе, биыл өсім 35% шамасында. Ал кепілсіз тұтынушылық несиелердің өсімі өткен жылы 29% болса, биыл 12,7%-ға дейін төмендеді. Бұл қабылданған заңның нақты нәтижесі, – деді агенттік басшысы.

Сонымен қатар Әбілқасымова проблемалық қарызы бар азаматтарға жаңа несие беруге шектеулер енгізілгенін атап өтті.

Егер қарыз алушыда 90 күннен асқан берешек болса, оған жаңа несие беруге тыйым салынды. Тамыз айынан бастап микроқаржы ұйымдарында тіпті бір күндік мерзімі өтіп кеткен қарызы барларға да несие беруге болмайды. Ал қазан айынан бастап банктерде 30 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға несие беруге шектеу қойылды, – деді ол.

Бұған қоса, тұтынушылық несиелердің ең ұзақ мерзімі 5 жылдан аспауы тиіс деген талап енгізілді.

Бұрын азаматтар борыш жүктемесі коэффициенті төмен болса да, несиені 6-7 жылға дейін ала беретін. Енді бұл шектелді. Бұл шаралар борыштық жүктеме коэффициентін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Әбілқасымова.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: