Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов әлемдік нарықтағы жағдай сәт сайын өзгеріп жатқандықтан, бас банк базалық мөлшерлемеге қатысты қандай шешім шығаратынын айтуға әлі ерте екенін айтты, – деп хабарлайды kursiv.media
«Базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешім 26 сәуірде шығады. Оған дейін сыртқы нарықта да, ішкі нарықта да көптеген өзгеріс болуы мүмкін. Осы уақытқа дейін жанар-жағармай бағасы, коммуналдық тариф құны қалай өскенін, бизнес жаңа салық өзгерістеріне қалай бейімделгенін байқаймыз. Сондықтан базалық мөлшерлемеге қатысты шешім туралы айтуға әлі ерте», – деді Сүлейменов.
2026 жылдың І-ІІ тоқсанында экономика жаңа талаптарға бейімделеді. Сүлейменовтің айтуынша, жылдық және айлық инфляция, инфляцияға қатысты болжам төмендейтін болса, онда ақша-несие саясаты жұмсаруы ықтимал.
«Жағдай күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатқандықтан, арбаның алдына түскім келмейді», – деді ол.
Қазір негізгі мөлшерлеме 18 пайызды құрайды. Ұлттық банк бұған дейінгі шешімінде негізгі көрсеткішті өзгеріссіз қалдырған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
