Елдің ішкі нарығында бензин тапшылығы жоқ. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM
Бүгін Сенатта тілшілер мораторий аяқталғаннан бері бір аптаның ішінде елде жанармай құны қаншалықты өскенін сұрады.
— Жанар-жағармай саласында баға нарықтық жолмен қалыптасатыны белгілі, яғни қазір біз оны реттемейміз. Баға өзгеріп жатқан жоқ. Бірінші кезекте, баға сұраныс пен ұсыныс жағдайына қарай құрылады. Қазіргі кезде елде жанармай тапшылығы жоқ. Елде 600 мың тоннаға жуық бензин мен 600 мың тонна дизель отыны бар, — деді Санжар Жаркешов.
Бұл ретте ол жанармай қоры жеткілікті екенін атап өтті. Сондықтан ішкі нарықта тапшылық болмағандықтан, отын бағасын өсіруге негіз жоқ.
— Жалпы, уәкілетті органдар бұл нарықтағы жағдайды үнемі бақылап келеді. Осы орайда бензин мен дизель отынына бағаның негізсіз әрі күрт өсуіне жол берілмейді, — деді вице-министр.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың 16 қазанынан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізілген еді. Сол кезден бастап Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тиісті қадағалау жүргізді. Сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдады.
Мораторий осы жылдың 1 сәуірінде аяқталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
