Елде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған кешенді шаралар өз нәтижесін беруде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуық 26 мыңнан астам бизнес-жоба жеңілдікпен қаржыландыру тетіктері арқылы қолдау тапты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2025 жылы микро және шағын кәсіпкерлерге арналған жаңа субсидиялау механизмі бекітілді. Жаңа ереже бойынша, субсидияланатын кредит сомасы 200 млн теңгеден аспайды, сыйақы мөлшерлемесі – 12,3%, ал кредит мерзімі – 3 жылға дейін.
Сонымен қатар, «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылып, кәсіпкерлерге 10 жылға дейінгі мерзімге 12,6% мөлшерлемемен 7 млрд теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі берілді. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында 392 млрд теңгеге 1 095 жоба қаржыландырылды.
«Даму» қорының базасында екі жаңа кепілдік беру қоры құрылды:
- Бірінші қор аясында құны 281 млрд теңге болатын 1 618 жоба қолдау алды, кепілдіктер көлемі 154,4 млрд теңге болды.
- Екінші қор бойынша құны 7,1 млрд теңге болатын 1 жобаға кепілдік беріліп, оның сомасы 2,8 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге арналған 100-ден астам қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын біріктіретін Бірыңғай өзекті тізілім жасалды. Бағдарламалардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Baqylauda» жүйесі енгізіліп, мемлекеттік қолдау тетіктерінің орындалуына нақты мониторинг жүргізілуде.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай жүйелі шаралар шағын және орта бизнестің инвестициялық әлеуетін арттырып, экономиканың тұрақты өсуіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына серпін береді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
