Мәжіліс отырысында Цифрлық кодекстің жобасы жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әбутәліп Мүтәлі пікір білдірді. Депутат кодекс жобасын елдің цифрлық саласының ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын маңызды құжат деп атады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутат атап өткендей, бұл заң жобасы – тек формалық құжат емес, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, ашық әрі сенімді цифрлық ортамен қамтамасыз ететін негізгі құрал болуы тиіс. Ол жобаның авторларын және осы бастаманы көтерген депутат әріптестерін ерекше атап өтті.
Депутаттың сөзі бойынша, кодекске енгізілетін түзетулердің бірі – цифрлық салада Ұлттық даму институтын құру. Алайда бұл институттың нақ қандай функция атқаратыны мен міндеттері нақты ашылуы керек.
Сонымен қатар ол өткен цифрлық бастамалардың тәжірибесіне (соның ішінде «Зерде» холдингіне) көңіл бөліп, бұрынғы қателіктерден алынған сабақтарды еске салды – қызметтердің шоғырлануы мен қағазбастылықтың алдын алу қажеттігін айтты.
Дербес деректерді қорғау мен киберқауіпсіздік мәселелері депутаттың ерекше назарында болды. Кодекс жобасында осы бағытқа арналған жеке баптар қарастырылғанымен, ол нормалар барлық қатысушыларды нақты қорғайтындай етіп пысықталуы тиіс, – деп мәлімдеді Мүтәлі.
Ол интернет-алаяқтық пен жеке ақпаратты заңсыз пайдалану жиілеп кеткенін, бұл мемлекеттік және жеке сектордың ақпараттық жүйелерін қорғаудағы олқы тұстарды көрсететінін атап өтті.
Депутаттың ұсыныстарының ішінде дербес деректер операторларына бірыңғай талаптар енгізу, ақпараттық жүйелерді тұрақты аудиттен өткізу, ІТ-жүйелерді сертификаттау және деректердің таралу фактілері туралы азаматтар мен уәкілетті органдарға міндетті түрде хабарлау тәртібін белгілеу бар.
Осы тетіктер қауіптерді уақытылы анықтап, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретін болады, – деді ол.
Әбутәліп Мүтәлі соңында цифрландырудың мақсаты — адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, бизнестің дамуын қолдау және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту екенін тағы бір рет атап өтіп, Цифрлық кодексті бюрократияны көбейтпейтін, керісінше ыңғайлы және қауіпсіз жүйе құруға бағытталған құжатқа айналдыру қажет дейді. Ол екінші оқылымға дейін аталған мәселелерді мұқият пысықтауды ұсынды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
