2026 жылдың соңына қарай доллар бағамы қайтадан 550 теңгеге жетуі ықтимал. Мұндай болжамды BCC invest сарапшылары жасап отыр. 2025 жылдың жазында доллар бағамы 550 теңгеден асқан, – деп хабарлайды kursiv.media
Брокерлік компания Қазақстанның алдағы жылға арналған макроэкономикалық болжамын жариялады. Сарапшылардың пайымдауынша, ұлттық валютаға түсетін қысым сейілмейді, алайда теңге құнының күрт құлдырауына негіз жоқ.
Валюта бағамы: Негізгі болжам
Мамандар оқиғалардың дамуын бірнеше нұсқада қарастырады. Негізгі сценарий бойынша, теңге бағамы жыл бойы бірқалыпты өзгеріп отырады:
- 2026 жылдың орташа бағамы 530 теңге деңгейінде қалыптаспақ.
- Жыл соңына қарай доллар құны 553 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Бұған ең алдымен қара алтын бағасының біртіндеп арзандауы әсер етпек. Болжамға сүйенсек, мұнай бағасы 2025 жылдың соңындағы 62 доллардан 2026 жылдың желтоқсанына қарай 52 долларға дейін төмендейді.
Теңге бағамын не ұстап тұрады
Сарапшылар теңгенің тым қатты әлсіреуіне жол бермейтін факторларды да атап өтті. Бұл – Ұлттық банктің қатаң ақша-кредит саясаты мен жоғары базалық мөлшерлеме.
Биыл жаз айларынан бастап негізгі мөлшерлеме төмендеп, валютаға деген сұраныс артуы мен мұнай бағасының құлдырауы аясында бағам аздап әлсірей бастауы мүмкін.
Мұнай бағасының әсерін доллардың жаһандық нарықтағы бәсеңдеуі және Қазақстан экономикасындағы мұнай секторы үлесінің біртіндеп азаюы теңестіріп отырмақ.
Инфляция мен сыртқы қатерлер
Биылғы жылы инфляцияға әсер ететін басты қауіп – Ресей рубльдің әлсіреуі. Ресей Қазақстанға азық-түлік пен өзге де өнімдерді жеткізетін негізгі серіктес болғандықтан, көрші елдегі валюта ауытқуы біздің нарыққа тікелей әсер етеді.
Сарапшылар 2026 жылы инфляция былтырмен салыстырғанда біршама баяулап, 11,2% деңгейінде болады деп болжайды.
Десе де Қазақстан қор биржасында доллар арзандауын жалғастырып жатыр, 16 ақпандағы сауда-саттықта 492,43 теңгеден сатылып жатыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
