Дүниежүзілік банктің жаңа есебіне сәйкес, 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімі баяулауы мүмкін. Оорталық Азия елдері жалпы ішкі өнімі былтырғы 7 пайыздан 4,9%-ға дейін төмендеп, геосаяси шиеленіс мен энергия ресурстарының қымбаттауы экономиканың даму қарқынына тежеу болмақ, – деп хабарлайды kursiv.media
2025 жыл Орталық Азия елдері үшін соңғы 14 жылдағы ең қарқынды даму кезеңі болды. Аймақтық экономика 5,8%-дан 7%-ға дейін көтеріліп, серпінді даму көрсетті.
Әсіресе, Қазақстан 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, экономикасы 6,5%-ға өсті. Бұл табысқа ішкі тұтынудың артуы, мұнай өндірісінің артуы және мемлекеттік ірі инфрақұрылымдық жобаларға салынған инвестициялар тікелей септігін тигізді.
Көршілес Өзбекстанда да өсім қарқыны 6,7%-дан 7,7%-ға дейін ұлғайып, алтын бағасының қымбаттауы мен нақты жалақының екі есе жылдам өсуі халықтың әл-ауқатын көтерді.
Дегенмен, 2026 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің шектелуіне байланысты Орталық Азиядағы орташа өсім 4,9% деңгейінде тұрақтайды деп болжануда.
Геосаяси дауыл мен әлемдік нарықтағы қысым
Бүкіл Еуропа мен Орталық Азия өңірінде биыл экономикалық белсенділік 2,1%-ға дейін айтарлықтай баяулауы ықтимал.Бұған Таяу Шығыстағы қақтығыстар мен Ирандағы соғыс салдарынан Brent мұнайының барреліне 88–100 долларға дейін қымбаттауы негізгі себеп болып отыр.
Соғыс бесінші жылға созылған Украинада өсім 1,2%-ға дейін төмендесе, Ресей экономикасы санкциялар мен қаржы шектеулерден 0,8%-дан аспайтын өсім көрсетеді.
Түркияда да энергия ресурстары мен азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты өсім болжамы 3,7%-дан 2,8%-ға дейін қысқартылды. Бұл факторлардың барлығы энергия импорттаушы елдердің бюджетіне салмақ салып, инвестициялық тартымдылықты төмендетеді.
Экономика шикізатқа тәуелді
Аймақ елдері шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін индустриялық саясатты күшейткенімен, оның тиімділігі әлі де төмен. Мемлекеттің қолдау шараларының 66%-ы (үштен екісі) дәстүрлі ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіне бағытталған, ал жоғары технологиялық салаларға бар болғаны 10% ғана үлес тиіп отыр.
Қазақстан мен Ресей аймақтағы нақты даму бағдарламалары бар жалғыз елдер ретінде аталды. Алайда, индустриялық саясаттың 20%-дан азы ғана жеке фирмаларды қолдауға негізделген.
Сарапшылар ұсынысы қандай
Дүниежүзілік банк сарапшылары экономиканың төзімділігін арттыру үшін мемлекеттік бақылауды азайтып, жеке секторды жандандыруды ұсынады.
Мақсатты мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде индустриялық парктер мен арнайы экономикалық аймақтарды құру тек уақытша сипатта болуы тиіс.
Бұл ретте Teniz Capital сарапшылары Ираннан санкция алынса, Қазақстанға пайдасы зор деп тұжырымдайды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
