Жұма, 16 қаңтар, 12:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№3 (2215)
13.01.2026
PDF мұрағаты

Екі бөлмелі 300 мың: елде жалдамалы пәтерлер қаншаға қымбаттады

16.01.2026

46 0

Фото: shutterstock

2025 жылдың желтоқсан айында барлық қолайлы жағдайы қарастырылған пәтерлер мен үйлерді жалға алу бағасы соңғы 12 айдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Ұлттық статистика бюросының (БНС) мәліметінше, 1 шаршы метрдің орташа жалдау құны 5 мың теңгеден асты, – деп хабарлайды  kursiv.media

Ranking.kz ұсынған мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында жалдау бағасы 1 шаршы метр үшін 4,5–4,6 мың теңге шамасында болған. Ал күзде баға біртіндеп өсе бастады, нәтижесінде желтоқсан айында рекордтық деңгей тіркелді. Бұл үрдіс баға индексінен де байқалады, іскерлік маусым басталғанға дейін айлық өсім 0,8–1% деңгейінде болса, кейін бір айда 2,8%-ға дейін жеделдеген.

2025 жылғы желтоқсанда тұрғын үйді жалға алудың орташа жылдық өсімі 13,1%-ды құрады. Бұл да соңғы бір жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.

Жалға алушылар нені ескеруі тиіс

Айта кету керек, жалдау бағасының өсуі жалға алушылар үшін күтпеген жағдай болмауы тиіс. Krisha.kz порталының сарапшылары заңгерлермен бірлесіп, жалдау құнының өсуіне қатысты барлық міндетті шарттарды жинақтады. Тұрғын үй иесі «ұнамаса, көшіп кетіңіз» деп бағаны біржақты көтермеуі үшін, жалға алушылар өз құқықтарын алдын ала келісімшарт арқылы қорғай алады. Құжатта жалдау ақысының қандай мерзімде және қандай жағдайларда өзгеруі мүмкін екені нақты көрсетілуі тиіс.

Тұрғын үйді жалға алу бағасын нарық реттейді

Бір жарым жыл бұрын Мәжіліс депутаттары елде тұрғын үйді жалға алу бағасына шекті деңгей белгілеуді ұсынған болатын. Алайда бұл бастаманы мемлекеттік органдардар әрі қарай кеңінен талқыламады. Тіпті депутат Нұргүл Таудың осы мәселеге қатысты депутаттық сауалы да парламент палатасының сайтынан жоғалып кетті. Соның нәтижесінде бүгінгі күнге дейін тұрғын үйді жалға алу құнына қатысты негізгі үрдістерді тек нарық өзі қалыптастырып отыр.

Айта кету керек, елдің әр өңірінде бағаға әсер ететін факторлар әртүрлі. Осыған байланысты жалға берілетін пәтердің шаршы метрінің құны да, бағалардың өсу қарқыны да қалалар арасында бірдей емес.

Алматыда пәтер жалдау құны қанша

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, өткен жылдың желтоқсанында ең қымбат жалдамалы тұрғын үй Алматыда тіркелді, мегаполисте 1 шаршы метрі шамамен 6 мың теңге. Бұл 50 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерді айына 298,3 мың теңгеге жалға алу деген сөз. Астанада мұндай пәтердің құны 277,6 мың теңгені құрады.

Мегаполистердегі жоғары баға ішкі көші-қонның көптігімен, сұраныстың жоғары болуымен және жалақы деңгейінің салыстырмалы түрде жоғары болуымен түсіндіріледі. Ал ең арзан жалдамалы пәтерлер экономикалық даму деңгейі төмен өңірлерде орналасқан Таразда (120,1 мың теңге) және Түркістанда (137,2 мың теңге) тіркелді.

Өңірлерде…

Жалға алу бағасының өсуі барлық қалада бірдей емес. Мысалы, Астана мен Алматыда жыл соңындағы өсім 12% болды, бұл орташа республикалық деңгейден де төмен. Ал кейбір облыс орталықтарында жалдау құны күрт қымбаттаған.

Атап айтқанда, Павлодарда пәтер жалдау бағасы бір жылда 42,9%-ға, Петропавлда – 40,9%-ға, Ақтөбеде – 30,4%-ға өсті.

Қазақстан риэлторлар федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің айтуынша, мұндай айырмашылық жергілікті факторларға байланысты. Әр өңірдің экономикалық дамуы әртүрлі, сондай-ақ «төмен база» әсері бар. Мысалы, Павлодар мен Ақтөбеде ірі өнеркәсіптік жобалардың іске қосылуы уақытша мамандардың келуіне себеп болып, жалдамалы тұрғын үйге сұранысты күрт арттырған.

Жалдамалы тұрғын үй бағасына әсер ететін қосымша факторлар

Жалға алу нарығындағы баға айырмашылығы тұрғын үйді сатып алу-сату жағдайымен тікелей байланысты. Егер азаматтардың пәтер сатып алуға мүмкіндігі болмаса, олар жалдамалы тұрғын үйде тұруды жалғастырады. 2025 жылы бұл үрдіске ең алдымен ипотекалық нарықтағы жағдай әсер етті, яғни, пайыздық мөлшерлемелер өсті, несие рәсімдеу талаптары қатаңдады. Сонымен қатар жаңа тұрғын үйлердің құрылымының өзгеруі де маңызды рөл атқарды. Яғни, қанша үй салынғаны ғана емес, олардың қандай мақсатта, яғни, сату үшін бе, әлде жалға беру үшін бе, салынғаны да шешуші фактор болды. Өткен жылы құрылыс компаниялары көбіне сатуға арналған үйлерді көбірек тұрғызған.

Бұл жағдайды өңірлер мысалында да байқауға болады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, өткен жылдың қаңтар–қараша айларында ел бойынша 10,9 млн шаршы метр көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Ең жоғары көрсеткіштер Астана (3,8 млн ш.м.) мен Алматыда (2,1 млн ш.м.) тіркелді. Ал Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жаңа тұрғын үй көлемі айтарлықтай төмен болды. Бұл да аталған өңірлерде жалдамалы тұрғын үй нарығына жанама түрде әсер еткен. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: