Қаржы нарығында азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша жаңа алгоритм іске қосылды. Енді халықтың атына алаяқтық жолмен алынған несие автоматты түрде сотқа жетпей есептен шығарылады, ал шығынды банк немесе микроқаржы ұйымы көтереді. Экономист Айбар Олжай бұл жүйенің тиімділігін “қарапайым халықтың мүддесі басты назарда” деп бағалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экономист сарапшы Айбар Олжай “15 минуттық экономикалық шолу” жобасында мемлекет халық пен банктер арасындағы әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған жаңа шараларды іске қосты деп мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі мақсат – қарапайым азаматтардың мүддесі мен құқықтарын қорғау, қаржы ұйымдары мен адамдар арасында әділ төрешілік механизмін орнату.
Сарапшы атап өткендей, мемлекет қаржы нарығындағы азаматтардың құқықтарын жаңа заңдар қабылдамай-ақ, нормативтік актілер мен жарлықтар арқылы қорғайды. Банктерге арналған жаңа заң осы процесті түйіндеп, соңғы нүктесін қояды. Бұл кешенді жұмыс соңғы үш-төрт жыл бойы жүргізіліп келген.
Алаяқтық несиелер қалай есептен шығарылады?
- Егер несие клиенттің қатысуынсыз, оның биометриясы арқылы рәсімделсе, қарыз сотқа дейінгі тәртіппен есептен шығарылады.
- Бұл жағдайда қарызды банк немесе микроқаржы ұйымы өз мойнына алады, ал қарапайым азаматқа ешқандай жауапкершілік жоқ.
- Азаматтар құқық қорғау органдарына өтініш беруі керек, олар несиені алаяқтық жолмен рәсімделген деп тану туралы қаулы шығарады. Сол қаулы негізінде қарыз толық жойылады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша, соңғы екі жылда банктер 1 400 қарыз алушының 1,5 мың несиеін, жалпы сомасы 1,19 миллиард теңге, азаматтардың мойнынан алып тастаған.
Барлық іс сотқа жетпей шешілген, тек азаматтардың өтініші мен құқық қорғау органдарының қаулылары арқылы жүзеге асқан, – деді Айбар Олжай.
Сарапшының сөзінше, кейде алаяқтар биометрияны қолдан жасап несие рәсімдейді. Мұндай жағдайда алаяқтықты дәлелдеу тек сот арқылы мүмкін.
Яғни, егер сіздің атыңыздан биометрияны қолдан жасап несие рәсімделген болса, оны сотта дәлелдеп, жоюға болады. Мемлекет бұл алгоритмді Ішкі істер министрлігімен бірлесіп бекітті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
