Экономист Айбар Олжай “15 минуттық экономикалық шолу” жобасында Қазақстандағы кредит саясаты мен банктерге қатысты соңғы өзгерістерді талдап, халыққа олардың әсерін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айбар Олжайдың айтуынша, соңғы жылдары мемлекет қаржы нарығында азаматтардың құқығын қорғауға, алаяқтықтан сақтандыруға және қарызға батудың алдын алуға бағытталған бірнеше маңызды шараларды жүзеге асырды.
Қазір қиын жағдайда қалған борышкерлер үшін проценттер мен айыппұлдардың есептелуі тоқтатылады. Егер несиенің тоқсан күннен артық мерзімі өткен болса, кредит проблемалық деп танылып, проценттер мен өсімпұл есептелмейді. Кейін кредит реструктуризацияланып, жаңа график беріледі, – дейді сарапшы.
Микроқаржы ұйымдары мен банктердің кредит ставкасына енді мемлекеттік шек қойылды. Кепілсіз несиелер бойынша жылдық тиімді ставка 46%-дан аспау керек, кепілмен берілетін кредиттер үшін – 35%, микроқаржы ұйымдарының несиелері үшін – 46%. Бұл барлық шығындарды есептейтін нақты шек.
Заңға сәйкес, егер қарыз алушы заңды некеде болса, 3,6 млн теңгеден асатын несие алу үшін жұбайының келісімі қажет. Бұл отбасылық қаржылық жауапкершілікті тең бөлісуге бағытталған.
Азаматтар өз атынан несие алуға тыйым салу арқылы алаяқтықтан қорғана алады. Бұл механизм арқылы жалған несие рәсімдеуге тосқауыл қойылады.
500 000 теңгеден асатын онлайн кредит үшін өтініш берілгенде 8 сағат, ал 1 млн теңгеден асатын кредит үшін 24 сағат күту мерзімі енгізілді. Бұл шешім гипнозбен немесе алаяқтықпен алынатын кредиттердің алдын алады.
2023 жылы қабылданған заң бойынша шектен тыс қарыздық жүктемесі бар азаматтар банкроттық рәсімін қолдана алады. Қазірге дейін шамамен 18 мың адам банкрот деп танылып, қаржылық оңалту бағдарламасына енгізілді.
Мемлекет қаржылық сауаттылықты арттыруға мән беріп, бірнеше жыл бойы лекциялар, тренингтер және семинарлар арқылы азаматтарға бюджет басқаруды, несие тәуекелдерін және қаржы құралдарын тиімді пайдалануды үйретіп жатыр.
Мемлекет үш-төрт жылдан бері қаржы нарығында азаматтарды қорғау, алаяқтықтан сақтандыру үшін сатылап негізгі жұмыстарды атқарды. Он бір қадамның бәрі асықпай жүзеге асырылды. Егер бұл шаралар болмаса, қазір әрқайсымыз алаяқтарға жем болып, банктерге жоғары пайыздық кредиттер төлеп жүрер едік. Осы кешенді жұмыс лайықты бағасын алады, – деді Айбар Олжай.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
