Экономист Айбар Олжай “15 минуттық экономикалық шолу” жобасында геосаяси өзгерістердің Қазақстан экономикасына қалай әсер еткенін талдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің инвестициялық өзара байланысы соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді.
Статистиканы ашып қарасақ, осыны түсінеміз. Ресей Қазақстан экономикасына ең көп қаржы құйған инвесторлардың бірі. Ал былтыр бізге инвестиция бойынша Ресей бірінші орынға шықты. Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, 2024 жылы Ресейден Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 4 миллиард АҚШ долларын құрады. Ал 2023 жылы осы көлем 3 млрд доллар болған еді, – дейді Айбар Олжай.
Салыстыру үшін, 2021 жылы Ресейден келген инвестициялар 1,9 млрд доллар, 2022 жылы 1,5 млрд доллар болған еді, ал 2023 жылы геосаяси өзгерістер әсерімен күрт өсіп 3 млрд долларға жеткен.
Осы өсім нәтижесінде 2024 жылы Ресей жалпы көлемі 17,1 млрд доллар болған Қазақстанға шетелдік инвестициялардың 23,6%-ын қамтамасыз етіп, Нидерландты басып озды. Ресейлік инвестициялар негізінен мұнай-газ, энергетика, химия өнеркәсібі, металлургия, банк секторы және машина жасау салаларына бағытталған. Мысалы, 2022 жылға дейін біздегі қаржы саласында ресейлік «Сбербанк» және ВТБ-ның нарықтағы үлесі айтарлықтай болды. Сонымен бірге «Роснефть», «Лукойл», «Газпром», «РусАл», «ЕвроХим», «Татнефть», «КАМАЗ» секілді ірі ресейлік компаниялар Қазақстанда мұнай өндіру, металл өңдеу, химия және машина жасау жобаларын жүзеге асырып жатыр. Қазіргі таңда Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен тіркелген кәсіпорындар саны 20 мыңнан асып отыр, бұл елдегі шетелдік қатысы бар барлық кәсіпорындардың 40%-ын құрайды, – деді экономист.
Айта кетерлігі, соңғы уақытта геосаяси жағдайға байланысты ресейлік бизнес Қазақстан нарығына көбірек келуде.
Тек 2022–2023 жылдардың өзінде мұндай компаниялар саны 70%-ға өсіп, 18 мыңнан 23 мыңға дейін артты. Қазақстандық бизнес те Ресей нарығына инвестиция салуда, дегенмен оның көлемі салыстырмалы түрде шағындау. 2005 жылдан 2019 жылдың I тоқсанына дейінгі аралықта Қазақстанның Ресейге салған тікелей инвестицияларының жиынтық көлемі 3,9 млрд долларды құрады. 2023 жылға қарай бұл көрсеткіш 5-6 млрд долларға жеткені байқалады. Қазақстандық инвесторлар Ресейде негізінен банк секторы, металлургия, тау-кен және жылжымайтын мүлік салаларында белсенді, – дейді Айбар Олжай.
Мәселен, 2021 жылы қазақстандық “Pioneer Capital” инвестициялық компаниясы Ресейдің Азия-Тынық мұхиты банкінің 100% акциясын сатып алды, мәміле сомасы 188 млн АҚШ долларын құрады.
Сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік компаниялары Ресейде бірлескен жобаларға қатысады. Мысалы «ҚазМұнайГаз» Ресейдің бірнеше өңірінде мұнай барлау жұмыстарын бірлесе жүргізуде. Ал «Қазатомпром» бұрын Ресейдегі уран байыту кәсіпорнына акционер болған еді. Бірақ қазір ол үлестің қомақты бөлігін кері сатып жіберді. Жалпы алғанда, қазір Қазақстан ресейлік инвесторлар қаржысын ең көп тартқан алғашқы үш елдің қатарында, – деді экономист.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
