Еліміз 2025 жылды 18% деген базалық мөлшерлемемен аяқтайын деп отыр. Бұл – суверенді республика формасындағы еліміздің отыз жылдық тарихындағы ең жоғары базалық мөлшерлемелердің бірі. Экономист, сарапшы Айбар Олжай «15 минуттық экономика» жобасында базалық мөлшерлеме мен инфляция деңгейі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен аптада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені еш өзгеріссіз, яғни 18% деңгейінде қалдырды. Себебін инфляцияның өсімімен түсіндірді.
Жылдық инфляция қазан айында 12,6%-ды көрсетті. Ал қыркүйекте ол 12,9% болып тұрған еді. Сонда төмендеуі – небәрі 0,3 %-дық тармақ қана. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 13,5%-ға дейін қарқын алып отыр, – дейді экономист.
Сондай-ақ Үкіметтің 2026 жылдың 1 тоқсанына дейінгі жанармай мен коммуналдық қызметтердің өсіміне жарияланған мараторийі қысқа мерзімді екенін жеткізеді.
Бұл шешім уақытша екенін ұмытпаған жөн. Қазір тарифтер мен жанармай бағасының өсуіне тосқауыл қойылғандықтан, олардың инфляцияға әсері азайды. Ал ертең біз сол паузаны тоқтатқан соң, бәрі қайтадан өседі, оның инфляцияға тағы да әсері болады, – деп болжайды ол.
Ұлттық банк берген түсіндірмеде жекелеген тауар нарықтарында сақталып отырған теңгерімсіздік, орнықты сұраныс және импорттың қымбаттауы, сондай-ақ шығындардың өсуі аясында азық-түлік компоненті бұрынғыша инфляцияға көп үлес қосып отырғанын көрсетеді. Ал экономист оған былай деп түсінік береді.
Қазіргі қымбатшылықтың негізгі себебі – тамақ өнімдерінің қайта-қайта қымбаттауы. Инфляция ең алдымен азық-түліктен келіп отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияда жанармай мен дәрі-дәрмек бағасының өсуі жеделдегені байқалады, – дейді сарапшы.
«Бұл проинфляциялық динамика фискалды және үдемелі квазифискалды ынталандырудың, сондай-ақ артқан тұтынушылық сұраныстың әсерінен күшейеді» деп жазылған Ұлттық банктің түсіндірмесінде.
Ал сарапшы «фискаль» ұғымын қарапайым тілде Үкіметтің бюджет немесе бюджеттен тыс қорлар арқылы кәсіпорындарды арзан кредитпен қолдауы, яғни экономикаға ақша құюы деп түсіндіреді.
Жоғары инфляциялық күтулер дезинфляция қарқынын шектейді және бағалардың шығын мен сұраныстың өзгеруіне тәуелділігін күшейтеді. Яғни Ұлттық банк дәстүрлі түрде сұрау салатын халық болсын, экономикалық агенттер болсын, кәсіпорындар болсын – барлығы инфляция әрі қарай өсе береді деп отыр, – дейді экономист.
Сондай-ақ, сарапшы пікірінше барлығы қымбатшылық болатынын күтеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
