Қазан айынан бастап теңгенің долларға шаққандағы айырбастау бағамы 499-500 теңге деңгейіне дейін нығайып, шамамен 9%-ға өскені байқалады. Ұлттық банктің мәліметінше, ұлттық валютаның күшеюі қолайлы сыртқы ахуал, дәйекті макроэкономикалық саясат және инвесторлардың оң күтулері нәтижесінде жүзеге асып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 60 АҚШ долларынан жоғары деңгейде тұрақты қалыптасқан. Сонымен қатар, АҚШ Федералды резерв жүйесінің мөлшерлемені төмендету циклі жаһандық доллар индексінің 8,3%-ға әлсіреуіне ықпал етті. Нәтижесінде дамушы нарықтар валюталары да осындай деңгейде нығайды. Бұл халықаралық инвесторлардың активтерге, соның ішінде Қазақстан нарығына қызығушылығын арттырып отыр.
Ұлттық банк Үкімет және Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын іске асыруда. Оның мақсаты – бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру, инфляцияны төмендету, сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімді қалпына келтіру және орнықты экономикалық өсімге жағдай жасау.
Ақша-кредит саясаты нарық сенімін күшейтті
Ұлттық банктің қатаң әрі дәйекті шешімдері инфляциялық күтулерді қайта қарауға және теңгедегі қаржы құралдарының нақты кірістілігін арттыруға әсер етті. Бұл бейрезиденттер үшін де олардың тартымдылығын жоғарылатты.
Қазан айының басынан қарашаның соңына дейін шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салған портфельдік инвестициялары 1,1 млрд АҚШ долларына артып, тарихи максимум – 3,6 млрд долларға жетті. Жыл басынан бергі өсім 1,5 млрд долларды құрады.
Бұл қарыздық құралдардың құнын төмендетті: желтоқсанда 9 жылдық МБҚ 16,1% мөлшерлемемен орналастырылды (қазанда – 17,2%).
Теңгенің нығаюы инфляцияны тежеуге әсер етуде
Ұлттық банк валюта нарығын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Инфляцияның негізгі факторларының бірі – импорт үлесі жоғары тауарлар бағасы. Осы тұрғыдан теңгенің нығаюы сыртқы баға қысымының ішкі нарыққа берілуін шектейді және баға тұрақтылығын қолдайды.
Біз еркін өзгермелі айырбас бағамы режимін сақтаймыз және теңгенің қисынды құбылмалылығына жол береміз. Валюта нарығында алыпсатарлыққа себеп болатын факторлар байқалмайды, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Айырбастау бағамының қазіргі динамикасы – экономикалық саясаттың сапалы жүргізіліп жатқанын және инвесторлар сенімінің артуын көрсетеді. Бұл Қазақстанға портфельдік инвестициялар ағынын әрі қарай да ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
