IRENA бас директоры Франческо Ла Камера Kazakhstan Energy Week – 2025 форумында Қазақстан қазба байлықтарға тәуелділікті біртіндеп азайтуда жақсы үлгі көрсетіп отырғанын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңартылатын энергия көздері жаңа энергетика мен жаңа салаларды дамыту үшін аса қажет. Бұл үшін қазба байлықтарға тәуелділікті біртіндеп азайту маңызды. Қазақстан бұл бағытта жақсы үлгі көрсетіп отыр. Әлем елдері Қазақстан тәжірибесін пайдаланып, инновациялық тәсілдер мен әртүрлі қаржы көздерін тиімді қолдану арқылы мықты энергетикалық “микс” қалыптастыра алады. Бұл – жаһандық деңгейде энергетикалық қауіпсіздікке қол жеткізудің жолы, – деді ол.
Франческо Ла Камера Қазақстан өңірлік қана емес, әлемдік деңгейде де маңызды рөл атқарып жатқанын және ел ішінде жасыл даму бағыты белсенді дамып келе жатқанын атады.
29 қыркүйекте Әзербайжан Үкіметімен бірлесіп, өңірде жүргізіліп жатқан серіктестік жұмыстарына куә болдым және бұл мені қуантты. Бұл Орталық Азиядағы өзгерістердің нақты жүріп жатқанын көрсетеді. Билік құрылымдарының бірлескен іс-қимылы алдағы уақытта техникалық ережелерді оңтайландырып, жел энергиясын одан әрі кеңейтуге, инфрақұрылымды дамытуға және жаңа салаларды тұрақты түрде орнықтыруға мүмкіндік береді, – деді IRENA бас директоры.
Сондай-ақ Франческо көліктер, жасыл дата-орталықтар және энергетикалық қауіпсіздікті одан әрі нығайту өңірлік серіктестік пен инвестицияларды тиімді жұмылдырудың арқасында жүзеге асатынын айтты.
Бұл әсіресе Орталық Азия мен Африка аймақтары үшін маңызды. Себебі бұл тек климаттың өзгеруіне қарсы халықаралық шаралар ғана емес, өңірдің өз орнын айқындап, әлемдік үрдістерге сай дамуына мүмкіндік береді, – деді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!