Жұма, 26 желтоқсан, 12:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№98 (2210)
23.12.2025
PDF мұрағаты

Ішкі жалпы өнімдегі орта бизнестің үлесі қандай?

26.12.2025

51 0

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жалпы ішкі өнімдегі орта бизнестің үлесін арттыру қарқыны туралы сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдиновтың айтуынша, соңғы 10 жылда кәсіпкерлерді қолдауға триллиондаған теңге бөлінгеніне қарамастан, орта бизнестің ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) қосқан үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр.

Депутаттың мәліметінше, қазіргі таңда орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі небәрі 5-7 пайызды құрайды. Ал Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес, бұл көрсеткіш 15 пайызға жетуі тиіс.

«Қазіргі динамикамен бұл мақсатқа қол жеткізе аламыз ба? Мемлекеттік қолдау көрсету кезінде және мемлекеттік статистиканы қалыптастыру барысында бизнес субъектілеріне әртүрлі өлшемдер қолданылады. Бірі орта бизнес деп саналса, екіншісінде ол шағын немесе ірі бизнес ретінде көрсетілуі мүмкін. Мұндай жағдайда нақты қандай критерийлерге сүйенуіміз керек?» деп сұрақ қойды О.Нұралдинов.

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі шамамен 7 пайыз екенін және бұл көрсеткіш бірнеше жылдан бері өзгермей тұрғанын айтты.

Министрдің сөзінше, елімізде орта бизнес субъектілерінің саны шамамен 3 мыңға жуық. Мемлекет тарапынан отандық өндірушілерге қолдау көрсетіліп отыр, алайда бизнесті ұсақтандыру үрдісі олардың сандық өсіміне кедергі келтіреді.

«Жаңа Салық кодексі осы мәселелердің шешімін береді және бизнестің ұсақтануын тежеуге ықпал етеді. Қазіргі таңда өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлерге және жеңілдетілген салық режиміндегі бизнеске арналған арнайы режимдер бар. Дегенмен, орта бизнес деңгейіне өткеннен кейін салықтық жүктеме артады, оны кәсіпкер төлеуі тиіс», деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар министр бизнесті қолдауға бағытталған «Өрлеу» бағдарламасы бар екенін, сондай-ақ екі кепілдік қоры құрылғанын атап өтті. Оның бірі шағын және орта бизнеске, екіншісі орта және ірі бизнеске арналған. Бұл шаралар 2029 жылға дейін орта бизнестің дамуына серпін береді деп күтіледі.

Ал статистика мәселесіне қатысты министр бұл бағытта сақтық қажет екенін айтты.

«Статистика бөлек, бизнесті қолдау мен салық саясаты бөлек жүргізіледі. Егер қазір жіктеуге түбегейлі өзгеріс енгізсек, ірі бизнес орта бизнеске айналып кетуі мүмкін. Бұл орта бизнестің санын арттырғанымен, республикалық бюджет кірістеріне кері әсер етеді. Сондықтан бұл мәселе бақылауда, бірақ оны бір жылда шешу мүмкін емес. Тіпті, оны толық аяқтау қажет пе деген сұрақтың өзі өзекті», деді министр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: