Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректері бойынша, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, тауар өндіру көлемі 8,2%-ға, қызмет көрсету секторы 5,3%-ға артты. ЖІӨ өсіміне ең көп үлесті өнеркәсіп саласы (өсім – 7,3%) қосты. Оның жалпы өсімдегі үлесі – шамамен 30%. Сауда және көлік салаларымен қоса алғанда, бұл көрсеткіш 70%-дан асты.
Өңдеу өнеркәсібінде өсім 5,8% болды. Бұл жекелеген бағыттар бойынша өнім өндірудің артуымен байланысты.
Атап айтқанда:
• машина жасау – 11,5%-ға (оның ішінде автомобиль құрастыру – 13,3%),
• химия өнеркәсібі – 10,9%-ға,
• азық-түлік өндірісі – 9,1%-ға,
• мұнай өнімдері – 6,3%-ға,
• металл бұйымдары – 14,1%-ға,
• құрылыс материалдары – 5,3%-ға өсті.
Құрылыс саласындағы өсім ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен байланысты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылғы қаңтар-қыркүйектегі 14,9%-дан 15,1%-ға дейін артты.
Ауыл шаруашылығы саласы маусымдық өсу фазасына енді. Жалпы өнім көлемі қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 1,0 пайыздық тармаққа жеделдеп, 5,4%-ға артты.
Өсімдік шаруашылығында – 6,7%, мал шаруашылығында – 3,4% өсім тіркелді. Жалпы өсім мемлекеттік қолдау шаралары, агротехнологияны сақтау және егін жинау кезіндегі қолайлы ауа райымен байланысты.
Бірқатар өңірлерде дәнді дақылдардың өнімділігі артты. Соның ішінде:
• Ақмола облысы – +13,6%,
• Қостанай облысы – +14,9%,
• Павлодар облысы – +7,4%.
Сонымен қатар, сүт өндіру – 5,2%-ға, ет өндіру – 2,8%-ға, жұмыртқа өндіру – 1,4%-ға өсті.
Сауда саласында өсім деңгейі 9%-ды құрады. Өсу қарқынының негізгі үлесі (66,5%) көтерме сауда кәсіпорындарына тиесілі. Сауда айналымының ұлғаюы Павлодар, Атырау облыстарында және Астана қаласында байқалды.
Көлік саласында да жоғары өсім қарқыны сақталды. Барлық көлік түрлері бойынша тасымал көлемінің ұлғаюына байланысты көлік қызметі 20,7%-ға артты.
Үкімет басым салаларды қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және инвестиция тартуға баса назар аудара отырып, Президент тапсырмаларын орындау аясында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізуде.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
