Экономика – барлық мемлекеттің ең негізгі саласы. Онсыз ешқандай даму да, алға жылжу да болмайды. Барлық сала сол экономика арқылы қалыптасады. Бұл – бұлжымас қағида.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде бұл ұйымның бізге пайдасы зор екенін айтты. Расымен, ұйым достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналғаны – қуантарлық жағдай.
Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Ал бұл қатардан табылу – біз үшін зор мәртебе. Саммитте ұйымның құжаттарының қатары толыққанын айтқан Президент есірткіге қарсы стратегия, экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы бағыттары осы қатарда бар екенін айтты. Мұндай ұзақмерзімді ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жаңа мазмұнға ие бола беретініне сенім білдірді.
Мәліметтерге сүйенсек, бұл ұйымға мүше мемлекеттер біздің елде өткен түрлі деңгейдегі іс-шараларға белсене атсалысқанын байқаймыз. Ұзын саны 150-ге жуық іс-шараға қолдау көрсеткен. Цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі де осындай қолдаудың нәтижесінде өтті.
Бізге әлемдік деңгейдегі алпауыттардың қатарына ену үшін, мұнан да биік шыңдарды бағындырып, даму үшін мұндай ұйымдар қажет.
Олжас ҚОЖАҚОВ,
«Қоғалыкөл» шаруа қожалығының төрағасы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!