Экономист және қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов Орталық Азия елдерінің 2026 жылғы бюджеттеріне салыстырмалы талдау жасап, желтоқсан айы өңір дамуының болашағын бағалауға ең қолайлы кезең екенін атап өтті. Себебі көп мемлекет өз қаржылық жоспарларын осы уақытта бекітеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан бюджеттері болашақтың 4 түрлі моделін көрсетеді. Түрікменстан бойынша әзірге дерек жарияламаған.
Рысмамбетов Қазақстанның бюджеті «балансты сақтай отырып, дұрыс фискал басқару моделін» ұстанатынын айтты. Мәселен 2026 жылғы шығын – 27,3 трлн теңге (ЖІӨ-нің 14,8%). Оның ішінде 39% әлеуметтік салаға, 25% әлеуметтік қолдауға, 10% денсаулық сақтауға және 15% білім беру мен мәдениет саласына жұмсалады.
Бұл құрылым – технократиялық мемлекеттің бюджеті. Қазақстан шығындарын қарайтын болсақ, адами капиталды басқаруға басымдық береді, — деді сарапшы.
Сарапшының бағалауынша, Өзбекстан «терең әлеуметтік трансформация» жолымен келеді. Олар бюджеттің 55% (220 трлн сум) білім мен денсаулық сақтауға бағыттаған. Жалпы шығын ЖІӨ-нің 19%-на тең. Бұл – өңірдегі ең әлеуметтік бағыттағы бюджет. Өзбекстан инфрақұрылымды жаңғырту мен мемлекеттік басқару реформаларына басымдық беріп жатыр.
Рысмамбетовтың сөзінше, Қырғызстан «кәсіпкерлік мемлекеті» кейпінде. Себебі 36% шығын экономикалық дамуға, ал 28,8% әлеуметтік бағытқа жұмсалады.
Шағын, бірақ икемді бюджет инвестиция мен халықаралық қолдауға сүйенеді.
Тәжікстан энергетика мен инфрақұрылымды алдыңғы орынға қойған. Осылайша оларда 22% энергия жобаларына, 47% әлеуметтік мақсаттарға бағытталған.
Сарапшы бұл модельді «тіршілік ету және ұзақ мерзімді автономия стратегиясы» деп сипаттады.
Жалпы алғанда, сарапшының айтуынша, Орталық Азия әлеуметтік экономикалық модельдерге бет бұрып келеді, алайда әр ел өз жолын таңдауда:
Қазақстан – жүйелілік пен ашықтық, Өзбекстан – реформизм, Қырғызстан – динамика, Тәжікстан – ресурстарды шоғырландыру, – деп түйіндеді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
