Қазақстанда автокөлікті лизингке алу мүмкіндігі 2025 жылдың желтоқсанында енгізіледі. Нақты шарттар әлі белгісіз болса да, қазақстандықтар оны автонесиемен салыстырып, айырмашылықтарын біле алады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жеке тұлғаларға арналған автолизинг 2025 жылдың желтоқсанынан бастап қолжетімді болуы мүмкін, дәл осы уақытта тиісті түзетулер күшіне енеді. Қазірше бағдарламаның негізгі шарттары ғана белгілі:
- лизинг мерзімі – автокөліктің пайдалы қызмет ету мерзімінің кемінде 75%-ы (яғни шамамен 5–6 жыл);
- сыйақы мен айыппұл — көліктің құнының жылына 46%-ынан аспауы керек;
- екі есептік кезеңнен астам мерзімге төлемді кешіктіру – келісімді бұзу және көлікті лизинг берушінің қайтарып алуына негіз болады;
- әрбір кешіктірілген күн үшін айыпақы есептеледі.
Алайда мұндай құралдың өз ерекшеліктері бар, олар кей жағдайда оны дәстүрлі автонесиеден тиімдірек немесе тиімсіз етуі мүмкін, бәрі қазақстандықтардың мақсаттары мен қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты.
Қандай айырсашылық бар?
Автонесие – екінші деңгейлі банктен алынған қарыз. Яғни, қазақстандықтар көлікті банктің ақшасына сатып алып, оны сыйақысымен бірге қайтаруға міндеттеледі. Бұл ретте олар мүліктің иесіне айналады, барлық төлемдер көлікке “жинақталып” отырады. Бірақ көлік несие толық өтелгенге дейін кепілде қалады.
Лизинг жағдайында көлік қазақстандықтардың меншігіне өтпейді, оны дилер сатып алып, жалға береді. Ай сайынғы төлемнің құрамында жалдау ақысы мен көліктің құнының бір бөлігі бар. Мерзім аяқталған соң көлікті не қайтарып, не қалдық құны бойынша сатып алуға болады, себебі құнның бір бөлігі лизинг мерзімі ішінде төленген болып есептеледі. Бұл “сатып алу құқығымен жалға алу” тәрізді жүйе: төлемдердің бір бөлігі жиналып, келісім соңында көлікті қалдық құны бойынша сатып алуға есептеледі. Егер сатып алмау туралы шешім қабылданса, төленген ақша жалдау ақысы ретінде есептеледі.
Мүлікті пайдалану еркіндігі
Автонесие кезінде қазақстандықтар көлікті дербес пайдалана алады, яғни техникалық жабдықтау, өзгерістер енгізу және басқа мақсаттар үшін (келісімде тыйым салынбаса). Сондай-ақ көлікті сатып, түскен қаражатпен қарызды өтеуге мүмкіндік бар. Бірақ кей жағдайда көлік сату бағасы қарыз сомасынан төмен болса, айырманы өз қалтасынан төлеуге тура келеді.
Лизинг жағдайында көлікті сату мүмкін емес, себебі ол қазақстандықтардың меншігі емес, тек қайтарып, жаңасын лизингке алуға болады. Сонымен қатар көлікті өзгертулерге немесе сыртқы түрін өзгертуге тыйым салынуы мүмкін. Кейде тіпті жүріс қашықтығына шектеу қойылады, бәрі келісімнің шарттарына байланысты. Бірақ мұнда қарызға батып қалу қаупі жоқ (егер мерзімінен бұрынғы төлем кешіктірілмесе және айыпақы есептелмесе).
Міндеттемелер мен қарыз тәуекелдері
Егер автонесиені алған адамның қаржылық жағдайы нашарласа, төлем кешігеді және қарызы өседі. Бұл кредиттік тарихқа және болашақта ипотека алу мүмкіндігіне кері әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар ол көлікті қарыз өтелмейінше немесе айдауға тыйым салынғанға дейін, не болмаса қарызды жабу үшін көлікті өзі сатуға шешім қабылдағанша пайдалана береді.
Ал лизинг жағдайында қазақстандықтар қаржылық қиындық туындай бастағанда келісімді алдын ала бұзып, көлікті қайтарып бере алады. Бұл борыш пен кредиттік тарихты бұзудан сақтайды (егер келісім төлем кешіктірілмей тұрып бұзылса, тек айыпақы төленуі мүмкін).
Кемшілігі – көлікті пайдалану мүмкіндігін жоғалту (жаңа лизинг рәсімделмейінше).
Қаржылық аспект
Автонесие кезінде қазақстандықтар бастапқы жарна енгізуі тиіс. Сондай-ақ несие бойынша ай сайынғы төлемдер, көлікті техникалық қызмет көрсету және жанармай шығындары болады.
Қазақстандағы бағдарламаның нақты шарттары әзір белгісіз, бірақ әдетте лизингте аванстық төлем (0-ден 50%-ға дейін) қолданылады, ол міндетті емес, алайда міндеттелсе, ай сайынғы төлемдерді азайтады. Бұл сома лизинг құнын алдын ала жабуға есептеледі, сондықтан кейінгі төлемдер мен келісім соңындағы сатып алу құны төмендейді.
Алайда егер лизинг алушы көлікті сатып алудан бас тартса, аванстық төлем қайтарылмайды, ол қызмет ақысының бөлігі болып есептеледі.
Сонымен қатар жанармай мен техникалық қызметке шығындар қалады. Әдетте лизинг бойынша ай сайынғы төлемдер автонесиеге қарағанда төмен болады, бірақ бұл келісімнің нақты шарттарына байланысты.
Қорытынды
Қарапайым тілмен айтқанда, автонесие кезінде көлік қазақстандықтардың меншігіне өтеді, бұл пайдалануда көбірек еркіндік береді. Бірақ көлікті ауыстыру үшін оны өзіңіз сатуыңыз керек. Сонымен қатар қарыз тәуекелі бар, ал қаржылық жағдай нашарлағанда қарызды өз күшіңізбен жабуға тура келеді.Сондықтан автонесие көлікті ұзақ мерзімге иеленуді жоспарлайтындар үшін тиімді.
Ал лизинг — көлікті жиі ауыстырғысы келетіндер және оны сатумен айналысқысы келмейтіндер үшін ыңғайлы нұсқа. Сондай-ақ ол қарыздан сақтануға мүмкіндік береді, төлем қиындықтары туындамас бұрын келісімді бұзу жеткілікті. Осы себепті лизинг жиі және оңай көлік ауыстырғысы келетін адамдар үшін тиімді. Әдетте оның ай сайынғы төлемдері автонесиеге қарағанда төмен болады, бірақ бәрі бағдарламаның және дилермен жасалатын келісімнің шарттарына байланысты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
