2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес көлік салығын есептеу тәртібі өзгереді, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі, – деп хабарлайды KAZINFORM
Көлікті пайдалану мерзімі ескеріледі
Жеңіл автокөліктер бойынша көлік салығын есептеу кезінде көліктің пайдалану мерзімі ескерілетін болады. Егер көліктің пайдаланылғанына 10 жылдан 20 жылға дейін болса, салық 0,7 түзету коэффициентін қолдану арқылы есептеледі. Ал 20 жылдан асқан автокөліктер үшін 0,5 коэффициенті қолданылады. Көлік салығы жыл қорытындысы бойынша төленетіндіктен, бұл коэффициенттерді ескере отырып есептелген салық сомасы 2026 жыл үшін 2027 жылы төленеді.
Үлкен қозғалтқышы бар көліктерге қатысты талап алынды
Қозғалтқыш көлемі 3000 см³-тан асатын және 2013 жылдан 1 желтоқсаннан кейін Қазақстанда шығарылған немесе елге әкелінген жеңіл көліктерге арналған арнайы жоғары салық мөлшерлемелері енді қолданылмайды.
Фермерлерге қосымша жеңілдік беріледі
Шаруа және фермер қожалықтары бір жүк платформасы бар, жүргізуші кабинасы бөлек пикап автокөлігі үшін көлік салығын төлемейді.
Көліктің түріне қарай бөлу жойылады
Пикап, джип, лимузин, фургон сияқты атауларға қарап салық салу тоқтатылады. Енді көлік санаты тіркеу куәлігінде көрсетілген жүргізуші куәлігінің санатына (A, B, C, D) қарай анықталады.
Салық тапсыру жеңілдейді
2026 жылдан бастап көлік салығы бойынша тоқсан сайын есеп тапсырудың қажеті жоқ.
Салық төлеуші жылына бір рет декларация тапсырып, көлік салығын жыл соңында бір рет төлейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
