2025 жылы азық-түлік тауарларының көтерме бағасы 2024 жылмен салыстырғанда 3,4%-ға өскен. Бұл ретте отандық өндірістегі өнімдер 2,7%-ға, ТМД елдерінен жеткізілген тауарлар 6%-ға, ал басқа елдердің өнімдері 2,1%-ға қымбаттағанын Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Азық-түліктің орташа бағасының ең көбірек өсуі – Жетісу облысы (+8,4%) мен Батыс Қазақстан облысында (+8,9%) және Шымкент қаласында (+9,3%) байқалған.
Көтерме бағалардың аздап төмендеуі тек Атырау облысында ғана (-1,2%) байқалып отыр.
Егер жағдайды толығырақ қарастырсақ, бағаның ең күрт өсуі жаңа піскен көкөністерге (картоптан басқа) қатысты болды – 38,5%. Сондай-ақ қанттан жасалған кондитерлік өнімдер (+22,5%), ет (+22,3%), кофе мен оның алмастырғыштары (+21,8%), жаңғақтар (+19%) айтарлықтай қымбаттаған.
Көтерме саудагерлер сары майдың бағасын (+16,6%), шоколадты (+16%), ет өнімдерін (+15,4%), тұзды (+15%), өсімдік майларын (+14,7%), балық, шаянтәрізділер мен моллюскілерді (+14,6%) қымбаттатты.
Одан кейін жаңа піскен жемістер – 12,4%-ға, дәмдеуіштер мен татымдықтар – 10,2%-ға, сүт өнімдері – 7,5%-ға, сусындар – 5%-ға қымбаттады.
Ал картоптың көтерме бағасы 12,2%-ға төмендеді. Сондай-ақ күріш (-7,1%) пен жұмыртқа (-0,4%) арзандады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
