Жұма, 24 қазан, 11:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80, 2192
21.10.2025
PDF мұрағаты

Баға қымбаттамайды, сапасы қалай болады?

24.10.2025

54 0

Фото: gov.kz

Ұлттық экономика министрлігі 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін коммуналдық тарифтердің өсуін уақытша тоқтату шарасы қызмет көрсетуші ұйымдардың жұмысына кері әсер етпейді және көрсетілетін қызмет сапасына нұқсан келтірмейді деп мәлімдеді. Бұл туралы ведомство BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Ұлттық экономика министрлігі коммуналдық тарифтердің уақытша тоқтатылуы қызмет сапасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жұмыстарына қалай әсер ететініне түсініктеме берді.

Министрліктің мәліметінше, Табиғи монополияларды реттеу комитеті жүргізген талдау қорытындысы бойынша бұл шара тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығына теріс ықпал етпейді.

2025 жылға жоспарланған барлық жөндеу және пайдалану жұмыстары тарифтік сметаларға енгізілген және қалыпты тәртіпте жүзеге асырылып жатыр.

Коммуналдық қызметтердің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету және олардың сапасын сақтау – табиғи монополия субъектілерінің басты міндеттерінің бірі болып қала береді, – деп атап өтті министрлік өкілдері.

Қызмет көрсетушілердің қаржылық тәуекелдерін азайту үшін бірқатар өтемақылық шаралар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында шығындарды оңтайландыру мақсатында операциялық шығыстарды қайта қарау, инфрақұрылымға зиян келтірмей инвестициялық бағдарламалардағы кейбір шараларды кейінге шегеру, сондай-ақ реттеу кезеңдері бойынша шығындарды қайта бөлу бар. Бұл тәсіл қажетті жұмыстардың көлемін тарифтік жүктемені арттырмай орындауға мүмкіндік береді.

Қабылданған стратегия кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығын сақтауға, ұзақ мерзімді жаңғырту бағдарламаларын жүзеге асыруға және сонымен қатар тұтынушыларға түсетін ауыртпалықты азайтуға бағытталған, – делінген министрліктің ресми жауабында.

Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында саланың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді қаржыландыру қарастырылған. Бұл қаржы инвестициялық шығындардың болашақтағы тарифтердің өсуіне ықпалын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Инвестициялық бағдарламалардың орындалуын уәкілетті орган бақылайды, қаражаттың мақсатты жұмсалуын және мерзімдердің сақталуын тексереді.

Тарифтердің уақытша тоқтатылуы тәуекел ретінде емес, тарифтік саясатты жетілдіру тетігі ретінде қарастырылады. Бұл – тұтынушылар мен қызмет көрсетушілердің мүддесін теңестіруге, жүйенің ашықтығы мен болжамдылығын арттыруға бағытталған қадам, – деп түсіндірді министрлік.

Ведомствоның айтуынша, бұл шара инфляциялық қысымды төмендетуге және халықтың төлем қабілеттілігін сақтауға, сонымен қатар коммуналдық кешеннің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: