Ақтөбе қаласында «Harmony Rider Technology» (HRT) қаржы пирамидасын құрып, халықты тақырға отырғызған топқа қатысты сот үкімі шықты. Олар халықаралық компания атын жамылып, шетелде электрлі самокаттарды сатып алу және жалға берумен айналысамыз деп жұртты сендірген. Шын мәнінде, салымшылардың табысы тек жаңадан келген адамдардың ақшасы есебінен төленіп отырған, – деп хабарлайды kursiv.media
Жалған уәде мен миллиондаған шығын
Қылмыстық топ өз жұмысын заңды етіп көрсету үшін Ақтөбеден арнайы кеңсе жалдап, әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жүргізген. Тұрғындарға 350 доллардан 20 000 долларға дейін қаржы салу ұсынылып, күніне 12-ден 690 долларға дейін табыс табуға уәде берілген.
Осылайша, алаяқтар 115 салымшыдан жалпы сомасы 197 миллион теңгеден астам қаражат жинаған.
Қылмыстық жолмен келген ақша қалай заңдастырылды
Пирамиданы ұйымдастырушылар заңсыз келген табысты криптоәмияндар арқылы шығарып, кейін банк шоттарына аударып отырған.
Жымқырылған ақшаға 3 жеңіл автокөлік сатып алынып, оның біреуі туыстарының атына рәсімделген. Тергеу барысында бұл мүліктердің барлығы қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденді.
Сот шешімімен қаржы пирамидасының басшылары 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, қылмыстық жолмен сатып алынған 3 автокөлік мемлекет меншігіне тәркіленді. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енді.
Бұған дейін 90 мың адамды тартқан атышулы «Asar Baspana» пирамидасы ісі сотқа жолданғаны хабарланды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
