Мемлекеттік кредиттік бюро (МКБ) AntiFraud Forum Kazakhstan аясында жинақталған деректерді пайдалана отырып, банктерге проактивті сигналдар беру жолдарын түсіндірді. Бұл туралы МКБ-ның Data Science басқармасының басшысы Әділет Еркін мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM
Модератор бюроның деректерін банктерге қалай проактивті сигналдарға айналдыратынын сұрады.
— Біз сақтандыру және кредиттік жобалар аясында техникалық оператор ретінде жұмыс істейміз. Банк клиент кредит алуға өтінім берген кезде бюроға жүгінеді, ал біз қаржылық қызмет алуға ниетті субъект туралы өзекті әрі сенімді ақпарат ұсынамыз, — деді Әділет Еркін.
Спикердің айтуынша, бюро 1100-ден астам кредиттік ұйымның деректерін жинақтап, субъектінің қаржылық белсенділігін тек бір ұйым шеңберінде емес, бүкіл нарық бойынша талдай алады.
— Егер қысқа уақыт ішінде бір субъектке қатысты әртүрлі ұйымдардан көп кредиттік өтінімдер түссе, біз банктерге алдын ала хабарлаймыз. Осылайша банк кредит бермес бұрын тәуекелді бағалай алады, — деді ол.
Сонымен қатар бюро банктерге скорингтік есептеулер ұсынады, бұл алғашқы үш төлем бойынша мерзімін өткізіп алу және дефолт тәуекелдерін бағалауға мүмкіндік береді.
Сақтандыру саласында бюро полисті рәсімдеудің, сақтандыру жағдайларын реттеудің және төлемдерді жүзеге асырудың барлық кезеңдеріне қатысады. Әр кезеңде мемлекеттік органдардың деректері негізінде қажетті сервистер ұсынылады.
— Қаржы ұйымдарының сұранысына сәйкес кастомдық шешімдер әзірлеп жатырмыз, — деп түйіндеді спикер.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
