Осы жылдың 15 сәуірінен бастап екінші деңгейлі банктер мобильді аударымдар бойынша ақпаратты салық органдарына жібере бастайды. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Ерқанат Шынберген түсіндіріп берді, – деп хабарлайды kursiv.media
«Жеке есепшотқа түскен қаржының барлығына банк мониторинг жасайды. Үш ай ішінде 100-ден аса түрлі тұлғалардан аударымдар түсуі керек. Одан бөлек сол үш айдағы барлық аударымдар сомасы бір млн теңгеден асуы тиіс. Осы жағдайда ғана банктер салық органдарына ескертеді», – деді Ерқанат Шынберген.
Оның сөзінше, егер есепшотты тек жеке мақсатта ғана пайдаланылса, азамат оны растауы тиіс.
«Біз бірден шара қабылдамаймыз. Сараптаймыз, ЖК ретінде тіркеу керек пе, салық толық төленген бе деген сұрақ көтереміз. Камералық бақылау нәтижесі бойынша да шара қабылданады. Яғни салық мекемесінен хабарлама келгенде, салық төлеуші есепшотын кәсіпкерлік емес жеке мақсатта қолданғанын түсіндіругі және дәлелдеуге толық құқығы бар», – деп атап өтеді МК өкілі.
Егер мобильді аударымдардың шын мәнінде бизнес үшін алынғаны анықталса, онда салық төлеуші қосымша есеп өткізуі керек. Ал егер ол адам әлі күнге дейін жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелмеген болса, онда заң бойынша ресми түрде тіркелуі қажет болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
