2021 жылдан бері Қазақстанда қарызын уақытында өтей алмаған азаматтарға арналған сотқа дейінгі бірыңғай реттеу тәртібі қолданыста. Бұл жүйе қарыз алушы мен қаржы ұйымы арасындағы мәселені сотқа жеткізбей шешуді көздейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ережеге сәйкес, кредитор қарыз кешіктірілген соң 10 күн ішінде қарыз алушыға ресми хабарлама жіберуі керек. Хабарламада қарыз мөлшері және төлемді кешіктірудің ықтимал салдары көрсетіледі.
Қарыз алушы өз кезегінде 30 күн ішінде банкке немесе микроқаржы ұйымына несие шарттарын қайта қарауды сұрап өтініш бере алады. Өтініште төлемнің не себепті кешіктірілгені және қарызды қайта құрылымдаудың мүмкін жолдары жазылады.
Қаржы ұйымы өтінішті 15 жұмыс күнінде қарап, қарызды қалай реттеуге болатыны туралы өз ұсыныстарын ұсынуы тиіс. Егер банк немесе МҚҰ өтінішті қабылдамаса, қарыз алушы банк омбудсменіне немесе микроқаржы омбудсменіне жүгінуіне болады.
Жаңа тәртіп азаматтарға қарыз мәселесін сотқа жеткізбей, тиімді әрі жылдам шешуге мүмкіндік береді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
