15 қараша – Ұлттық валютаның айналымға енген күні. Бұл – ел тарихындағы аса маңызды экономикалық әрі саяси шешімдердің бірі. Төл теңгенің дүниеге келуі тәуелсіздіктің көрінісі ғана емес, қаржылық егемендіктің бастауы болды. Сол күннен бері еліміздің ұлттық валютасы түрлі сынақтар мен кезеңдерден өтіп, экономикалық дамудың басты тірегіне айналды. Осы атаулы күн қарсаңында Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі Нұрболат Сағынгерейұлы Мұқановпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– 15 қараша – Ұлттық валюта күні. Теңгенің айналымға енгізілуі ел тарихы үшін қаншалықты маңызды болды? Сол бір қиын-қыстау кезеңнен қандай сабақ алдық?
– 15 қараша – Тәуелсіздік шежіресіндегі айтулы күннің бірі. Теңгенің айналымға енуі жай ғана төлем құралын ауыстыру емес еді, бұл уақыт экономикалық тұрғыда ел тәуелсіздігінің алға қадам жасауы болды. Сол кездегі аласапыран уақыт – гиперинфляция, өндірістің күйреуі, тәжірибенің жоқтығы елге ауыр соққы болды. Бірақ біз одан өзімізге сабақ алдық. Тәуелсіздік дегеннің өзі – үлкен жауапкершілік. Біз өз экономикамызды тұрғызып, жоқтан бар жасап, қаржылық жүйемізді тек өзіміз жасай алатынымызды ұқтық. Тұрақтылық кепілі сырттан келетін көмек емес, өнімді жұмыс істейтін өзіміздің мемлекеттік институттарымыз еді.
– Тәуелсіздік жылдарында ұлттық валюта қандай негізгі кезеңдерден өтті?
– Теңгенің эволюциясын тарихи кезеңдерге бөліп қараған дұрыс шығар. 1993-1999 жылдар аралығы қалыптасу кезеңі еді. Валютаны айналымға енгізу, алғашқы нарық инфрақұрылымы мен банктік жүйені құру. 2000-2014 жылдар – өсу және жинақтау кезеңі. Ұлттық қорды құру туралы стратегиялық шешім қабылданды. Осы аралықта жиналған қаржылай қор қазір экономикалық қауіпсіздігіміздің бірден-бір кепілі болып отыр. Инфляцияны басқаруға көшу 2015 жылдан басталды. Әлем мың құбылып тұрғанда біз валюта курсын қолдан ұстап тұрғымыз келмеді. Бас тарттық. Бұл нарықтық экономика үшін маңызды әрі жетілген қадам болды. Осы сөз болып отырған кезеңнің басты жетістігі не десек, ол – экономикадағы долларға тәуелділікті азайту. Содан бері халық пен бизнес өкілдері теңгеге сенімді әрі тиімді жинақ құралы ретінде қарай бастады. Қазір цифрлық дәуір кезеңіне көштік. 2023 жылы ұлттық валютаның үшінші түрі – цифрлық теңге іске қосылды. Қазір айналымда 275 миллиардтан астам цифрлық теңге бар. Бұл алғашқы жобаның мақсаты – мемлекеттік қаржының қайда, қалай жұмсалатынын ашық көрсету.
– Ұлттық банк қазір бағаны тұрақтандыру үшін қандай қадам жасауда?
– Көп жағдайда сырт көзге Ұлттық банк тек айырбастау бағамымен айналысатындай көрінеді. Бірақ инфляциямен күрестегі басты құралымыз – базалық мөлшерлеме. Оның механизмі мынадай. Базалық мөлшерлеме экономикадағы ақшаның құнын анықтайды. Инфляциялық қысым өссе, біз мөлшерлемені көтереміз. Артынша теңгедегі депозиттердің де кірісі артады. Осы кезде халыққа «қазір ақшаны тұтынуға емес, жинақтауға бағыттаған дұрыс» деген нақты сигнал беріледі. Осылайша біз азаматтардың жинағын инфляциядан қорғаймыз. Сонымен қатар Ұлттық банктің міндеті – қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, төлем жүйелерін дамыту, зейнетақы активтері мен Ұлттық қорды басқару. Осы аталған секторлардың әрқайсысының өз құралдары бар. Олардың барлығы – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Екінші басты құралымыз – коммуникация. Бүгінгідей ақпарат заманында қай сала мен бағытты алып қарасақ, коммуникация – тиімді құрал. Яғни, басты мәселе – ел-жұрттың қаржылық сауатында. Олардың сауатын көтеру маңызды. Біздің жұмысымызды, күнделікті қабылдайтын шешімдерімізді халықтың түсінгені маңызды. Сол үшін оқыту жағына да көңіл бөліп жатқан жайымыз бар.
– Халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін қандай жұмыстар жүріп жатыр?
– Қаржылық сауаттылық қазір базалық қажеттілікке айналды. Айтуға тұрарлық жетістіктің бірі – осы жылдан бастап қаржылық сауаттылық мектеп бағдарламасына енгізілді. Экономика қалай жұмыс істейтінін баладан бастап түсінгені жақсы. Сонымен қатар студенттерге, журналистер мен сала мамандарына арналған арнайы курстар өткізіп, елдегі экономикалық дискуссияның сапалы болуына күш салып келеміз. Әлеуметтік желідегі парақшамызды да дамытуға ден қойдық. Біздің ресми аккаунттарымызға жазылып, Fingramota.kz ақпарат ресурсын пайдаланған адам алаяқтардан өз қаражатын қалай қорғауды оңай үйренеді.
– Қазір цифрлық теңге мен мобильді төлемдер жақсы дамып келеді. Бұл болашақта қағаз ақшалардың жоғалатынын білдіре ме?
– Жоқ, дәстүрлі ақшамыз айналымнан кетпейді. Цифрлық теңге қолма-қол ақшаны алмастырмайды, керісінше, жаңа мүмкіндіктер ашады. Мысалы, Алматы мектептеріндегі «цифрлық ваучер» жобасын алып қарауға болады. Балаларға арналған тегін тамақтың ақшасы цифрлық теңгемен беріледі, картаны тигізгенде автоматты түрде жұмсалады. Бұл өз кезегінде бюрократия мен қағазбастылықты толық жояды. Қатардағы қарапайым қолданушы үшін бәрі ыңғайлы: цифрлық теңге Visa-мен де, Mastercard карталарымен де интеграцияланған. Apple Pay, Samsung Pay немесе Google Pay арқылы кез келген сауда орталығында төлем жасауға болады.
– Ұлттық валютаның келешегін қалай елестетесіз?
– Болашақта теңге жоғары технологиялы қаржы экожүйесінің өзегі болады. 2025 жылдың соңына дейін цифрлық теңгені толық өндірістік қолдануға енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл мемлекеттік қаржының жұмсалуын ашық етеді, төлемдерді тез әрі қауіпсіз орындайды. Теңге – заманауи, сенімді, технологиялық тұрғыдан жетілген валютаға айналады, уақыт талабына сай дами береді.
– Ұлттық валюта күні қарсаңында қазақстандықтарға лебізіңіз…
– Барлық қазақстандықтарды ортақ мерекеміз – Ұлттық валюта күнімен құттықтаймын! Әр отбасының әл-ауқаты жақсы болуын тілеймін. Ең бастысы, тапқан табысы мен жинағының құны жоғалмасын. Қаржылық білімімізді көтеруге ден қояйық, еліміздің экономикалық әлеуеті өсіп, нығая берсін!
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!