2026 жылдан іске асырылатын бұл норма жылдық табысы 15 млн теңгеден аспайтын курьерлерді, такси жүргізушілерін, қолөнершілерді және басқа да мамандарды жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетінен босатады, деп жазады Egemen.kz.
Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғарыда аталған санатқа енетіндер табысының 4%-ы мөлшерінде бірыңғай төлем төлейді. Бұл мөлшерлемеге зейнетақы, медициналық және әлеуметтік аударымдар кіреді. Яғни ай сайынғы табысы 1,25 млн теңгеге дейінгі азаматтар ИП ашпай-ақ заңды түрде жұмыс істей алады.
«Бұл өзгеріс артық бюрократияны азайтып, қызметін заңдастыруды жеңілдетеді. Қазіргі таңда рұқсат етілген 46 қызмет түрі бар, ал қосымша 115 қызмет түрін енгізу ұсынылды — оған курьерлік, тұрмыстық қызметтер мен шағын өндіріс кіреді. Салық кодексіндегі бұл өзгерістер өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қолдауға және шағын бизнесті дамытуға бағытталған, соның нәтижесінде мыңдаған азамат өз қызметін заңды түрде жүргізіп, әлеуметтік қорғауға ие болмақ», делінген хабарламада.
Сондай-ақ ұлттық палата табыс мөлшеріне қойылған шектеулерді және қызметті жеке (жұмысшыларсыз) жүргізу талаптарын ескере отырып, Ұлттық палата қосымша 115 қызмет түрін енгізу жөнінде ұсыныс жіберген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!