Бейсенбі, 13 қараша, 19:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Онлайн несиелердің 90%-ы заңсыз: Депутат дабыл қақты

13.11.2025

43 0

Фото: Istockphoto.com

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов цифрлық қауіпсіздік пен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесін көтеріп, қазіргі онлайн несие мен цифрландыру жүйесіндегі заңсыздықтар жайлы егжей-тегжейлі айтты. Оның пікірінше, қазіргі таңда банктер азаматтардың келісімінсіз олардың орнына электронды қол қою жасап, заңсыз биометриялық рәсімдер жүргізіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат бұл жағдайдың бастауын 2020 жылғы пандемия кезінде қабылданған шешімдерден көреді.

Сол кезде банктерге азаматтардың орнына электронды қол қоюға рұқсат беріп жіберілді. Бұл ешқандай заңда қарастырылмаған, өте қауіпті қадам болды. Ешбір заң азаматтың орнына басқа адамның қол қоюына құқық бермейді. Бірақ рұқсат беріліп, жүздеген банк пен компания осыны пайдаланып кетті, – деді Әбенов.

Оның айтуынша, бұл олқылықты жою үшін жаңа заңнамада нақты өзгеріс енгізілген. Еске салсақ, 12 қарашада Мәжіліс Цифрлық кодексті бірінші оқылымда қараған болатын.

1 қыркүйектен бастап ешкім азаматтың орнына электронды түрде қол қоя алмайды. Тек адам өзі барып, жеке рұқсат берген жағдайда ғана банк есепшот ашуға құқылы болады, – деп түсіндірді депутат.

Алаяқтықтың көбеюі және банктердің жауапкершілігі

Мұрат Әбенов қазір көп азамат өздері бармаған, тіпті есігін ашпаған банктерден несие рәсімделіп кеткенін айтып шағымданып жатқанын жеткізді.

Адамдар өздерін кінәлайды. “Байқамай сөйлесіп қойдым”, “видеоға түстім” дейді. Бірақ бұл – алаяқтық. Егер сіз банкке бармасаңыз, биометриядан өтпесеңіз, ешкім сіздің атыңызға несие рәсімдей алмайды. Ондай келісімшарттың бәрі – заңсыз, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, биылдан бастап барлық несие тек биометриялық тексеру арқылы берілуі тиіс.

Биометриясыз несие беру заңсыз. Бірақ кей банктер бұл талапты айналып өтіп жатыр. Оларда электронды үкімет базасымен салыстыратын жүйе жоқ, сондықтан өз бетімен бейнежазба түсіріп, оны “биометрия” деп көрсетеді. Бұл дұрыс емес, – деді ол.

Мұрат Әбенов Ұлттық банкке осы мәселе бойынша ресми сауал жолдағанын айтты.

Олар биометрия тек бір рет өтеді дейді. Бірақ біз бұл жүйені барлық несие мен есепшот ашуға міндетті деп бекіттік. Егер банк мұны сақтамаса, оның әрекеті заңсыз деп танылуы тиіс, – деді депутат.

“Биометрия – моншадағы видео емес”

Депутат алаяқ банктердің өз әрекетін “биометрия” деп дәлелдеуге тырысуын сынға алды.

Бір банк маған бейнематериал көрсетіп, “адам өзі түскен” дейді. Ал бейнекадр моншада түсірілген сурет болып шықты. Бұл – биометрия емес. Биометрия деген – адамның электронды үкімет базасындағы эталондық суретімен арнайы бағдарлама арқылы салыстыру. Бұған банктердің тікелей кіруге құқығы жоқ. Сол себептен банк тек азаматтың рұқсатымен ғана биометрия өткізуі керек, – деді Әбенов.

Оның айтуынша, соңғы бір жылда берілген онлайн несиелердің 90 пайыздан астамы биометриясыз рәсімделген және заңсыз болып есептеледі.

Биометриясыз берілген барлық несие заңсыз. Азаматтар Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жазбаша арыз беріп, өз істерін дәлелдей алады, – деп кеңес берді ол.

Арыз беру және өз құқығын қорғау жолы

Мұрат Әбеновтің айтуынша, азаматтар заңсыз несиеге тап болса, алдымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне өтініш жазуы тиіс.

Агенттікке “мен қай күні қол қойдым, биометрия кім және қашан өткізді?” деген нақты сұрақ қойылуы керек. Егер банк нақты жауап бере алмаса, ол несие жарамсыз деп танылады, – деді депутат.

Сонымен қатар ол азаматтарды AMANAT партиясының қоғамдық қабылдауына келіп, мәселелерін ашық айтуға шақырды.

Біз көмектесеміз, қолдау көрсетеміз. Ең бастысы – азамат өз құқығын қорғауға белсенді болуы керек, – деді Әбенов.

Басқару мен бақылау: кім жауап береді?

Депутат онлайн несиелеуді шектеу туралы бастаманың өткен жылы қолдау таппағанын сынға алды.

Біз онлайн кредит беруді уақытша тоқтатайық деп ұсындық. Бірақ Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі қарсы болды. “Банктер жұмыссыз қалады, микрокредит ұйымдары ақшасыз қалады” деді. Нәтижесінде алаяқтық екі есе өсті, – деп атап өтті Әбенов.

Ол банктердің мүддесін қорғау азаматтардың қауіпсіздігінен жоғары қойылғанына қынжылды.

Неліктен біз банктердің емес, халықтың мүддесін қорғауға тиіспіз. Банктер азаматтардың жеке деректерін өз қосымшаларында заңсыз сақтап отыр. Мысалы, кей банктердің қосымшасында менің жеке куәлігімнің көшірмесі тұр. Мен рұқсат бердім бе? Жоқ! Ал бұл арқылы олар ертең менің атымнан шот ашып, кәсіпкерлік тіркей алады. Бұл – өте қауіпті, – деді депутат.

Мәжбүрлі цифрландыру мен қоғамның дайындығы

Мұрат Әбенов асығыс және мәжбүрлі цифрландырудың ел үшін үлкен әлеуметтік қауіп тудырып отырғанын айтты.

Цифрландыру халықтың пайдасына емес, банктердің бизнес-мақсатына айналды. Бізді “онлайн қызмет алуға міндеттісің” деп мәжбүрлеп жатыр. Ал елде екі миллион адамда смартфон да, интернет те жоқ. Сонда бұл адамдар азаматтық құқығын қалай пайдаланады? – деп сұрады депутат.

Депутат мұндай асығыстықтың артында банктердің лоббиі тұр деп есептейді.

Банктер өз пайдасын ойлап, халықтың қауіпсіздігін екінші орынға қалдырды. Цифрландыру өз ретімен, адамның келісімімен жүруі тиіс. Егер адам “мен қағаз түрінде рәсімдеймін” десе, оған мүмкіндік берілуі керек, – деді Әбенов.

“Цифрлық қылмысты дәлелдеу” – жаңа ұғым

Мәжіліс депутатының айтуынша, әзірленіп жатқан жаңа Цифрлық кодекске “цифрлық қылмысты дәлелдеу” деген жаңа ұғым енгізіледі.

Қазір банктер азаматтардың сауатсыздығын пайдаланып, олардың орнына биометрия жасап, жалған құжаттар көрсетіп отыр. Бірақ мұндай әрекетті дәлелдеу қиын. Сондықтан егер банктің әрекетінде із қалмаса, мұндай мәміле заңсыз деп танылуы керек. Бұл норма жаңа кодексте міндетті түрде жазылады, – деді Әбенов.

Оның айтуынша, бұл өзгеріс азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғауға бағытталады.

Мұрат Әбенов цифрландырудың негізгі мақсаты – азаматтардың өмірін жеңілдету болуы тиіс екенін айтты. Бірақ қазіргі жүйе керісінше, банктердің пайдасына жұмыс істеп отыр.

Цифрландыру халықтың мүддесіне қызмет етуі керек. Ал бүгінгі жағдайда ол банктердің бизнесіне айналып кетті. Біз асығыс цифрландырудың зардабын көріп отырмыз. Сондықтан жаңа цифрлық кодекс ең алдымен азаматтардың құқығын қорғауға бағытталуы керек, – деп атап өтті депутат.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: