ОПЕК+ ұйымына кіретін сегіз ел 2026 жылдың наурыз айында өндіріс көлемін арттырмау жөнінде ортақ шешімге келді. Осылайша, мұнай өндіру деңгейі 2025 жылғы желтоқсандағы көрсеткіштерде сақталып, өндірісті кезең-кезеңімен арттыруға берілген үзіліс жалғасын тапты, – деп хабарлайды kursiv.media
Кездесу барысында қатысушы елдер 2024 жылдың қаңтарынан бері артық өндірілген шикізат көлемін толық өтеу жөніндегі міндеттемелерін тағы да растады. Бұл шешім мұнай нарығындағы тепе-теңдікті сақтауға және ұсыныс пен сұраныс арасындағы алшақтықты қысқартуға бағытталған.
ОПЕК+ өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері мұнай бағасының 16 пайыз қымбаттауына негізінен геосаяси факторлар әсер еткен. Алайда альянс бұл баға өсімін уақытша құбылыс деп бағалап отыр, өйткені нарықта әлі де белгілі бір деңгейде профицит сақталуда.
Сонымен қатар ОПЕК+ наурыз айындағы шешімді маусымдық сұраныстың төмендеуімен де түсіндірді. Альянс мәліметінше, қазіргі таңда нарықтағы мұнай қорының төмен деңгейде болуы мен негізгі іргелі көрсеткіштердің сақталуы жалпы нарықтың орнықтылығын қамтамасыз етіп отыр.
Бұған дейін сегіз мемлекет өндірістің тәулігіне шамамен 2,9 млн баррельге дейін арттырған болатын.
ОПЕК+ «ерікті сегіздігінің» келесі отырысы 2026 жылғы 1 наурызға жоспарланған.
Өткен аптада әлемдік нарықта мұнай бағасы қымбаттаған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
