Қазақстандықтар жиі тұрғын үйді жалға алу мен ипотека рәсімдеу арасында таңдау жасап жатады. Бірақ бұл таңдау әрдайым анық емес және белгілі бір қаржылық жағдайларға байланысты болады. Экономист Руслан Сұлтанов тұрғын үй мәселесіне эмоциямен емес, есеппен қарау керек екенін айтады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Көп жағдайда мәселе отбасының қаржылық тұрақтылығын жоғалту қаупі туындағанда, яғни ипотекалық төлемдер табысқа ауыр түсетін кезде пайда болады.
Әдетте “біреудің пәтеріне емес, өз үйіңе төлеген дұрыс” деген көзқарас кең таралған. Алайда кей жағдайларда ипотека ауыр жүкке айналып, қарызға батыруы мүмкін, ал басқа жағдайларда керісінше, жалдау тиімсіз ақша жұмсауға айналады.
Жалдау мен сатып алу – екі түрлі экономикалық модель. Жалдауда сіз тек пайдалану үшін төлейсіз – капиталдық салымсыз, бірақ актив те жиналмайды; Сатып алғанда төлемдер инвестицияға айналады, бірақ сіз тәуекелге барасыз – ипотека, жөндеу, салық, амортизация. Әр адам келесі сұрақтарды өзіне қоюы керек: “Қайсысы қолайлырақ?”, “Қазір қайсысы тиімді?” – дейді ол.
Қай кезде жалдау тиімді?
Сарапшының айтуынша, қарапайым есептеу формуласы бар: Егер пәтердің жылдық жалдау құны оның нарықтық бағасының 5-6%-нан аспаса – жалдау тиімді;
егер 7–8%-дан асып кетсе – сатып алу тиімді.
Мәселен:
– пәтердің бағасы – 40 млн теңге;
– ай сайынғы жалдау ақысы – 200 мың теңге, жылына 2,4 млн теңге (шамамен 6%).
Бұл жағдайда шешім шекаралық: Егер ипотека мөлшерлемесі жоғары болса, жалдау тиімдірек, ал төмен пайызбен несие алу мүмкіндігі болса – сатып алу ақталады.
Қай кезде сатып алу тиімді?
Ипотека ұзақмерзімді инвестиция ретінде тиімді болуы мүмкін, егер:
• табыс тұрақты және кемінде 6 айлық қаржылық “жастық” бар болса;
• несие пайызы төмен, ал инфляция жоғары болса;
• бір жерде 7-10 жыл тұрақты өмір сүру жоспарланса;
• тұрғын үй бағасы инфляциядан жылдам өсіп жатса.
Пәтер сатып алу “өз үйің бар” деген сезім сыйлайды, бірақ еркіндікті шектейді. Көпшілік ипотеканы есепсіз, “жалға ақша босқа төлегенше” деген оймен алады. Шын мәнінде айырмашылық тек кімге төлейтініңізде – үй иесіне ме, әлде банкке ме?, – дейді Сұлтанов.
Қай кезде тұрғын үй жалдау орынды?
Жалдау кейде ақылды қаржылық шешім болуы мүмкін, егер:
• жалдау ақысы пәтер құнының 5-6%-нан аспаса;
• табыс тұрақсыз болса немесе көшу ықтималдығы жоғары болса;
• ипотека пайыздары жоғары, ал бастапқы жарна жетіспесе;
• капиталды басқа тиімді іске салу мүмкіндігі болса (мысалы, депозитке, акцияға немесе бизнеске).
Жалдау – иелік етпеу емес, капиталды уақытша сақтай отырып пайдалану. Егер жалдау арқылы ыңғайлы өмір сүріп, қаржы жинай алсаңыз – бұл әлсіздік емес, стратегия. Ал ипотека отбасын төлемдердің тұтқынына айналдырса – ол инвестиция емес, шынжыр. Экономика әрдайым еске салады: Ең жақсы баспана – сіздің еркіндігіңізді шектемейтін баспана, – дейді экономист.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
