2025 жылы Қазақстанда негізгі көкөніс дақылдарының – пияз бен картоптың – өндірісі айтарлықтай өседі деп болжанып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп әзірлеген «Дәнді және майлы дақылдар. Қазақстан» ғылыми-зерттеу бюросының деректеріне сүйенсек, пияз өндірісі 2024 жылғы 756,7 мың тоннадан 2025 жылы 1,06 млн тоннаға дейін артады. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Мұндай өсім егіс алқабының кеңеюімен және өнімділіктің артуымен байланысты.
Сонымен қатар, пияз экспорты 264,7 мың тоннадан 321,3 мың тоннаға дейін өссе, импорт көлемі де 137,3 мың тоннадан 150,2 мың тоннаға дейін жетеді деп күтілуде. Ал жан басына шаққандағы тұтыну деңгейі 31 килограмнан 43 килограмға дейін ұлғаяды.
Картоп өндірісі де оң динамика көрсетеді: 2024 жылғы 2,63 млн тоннадан 2,94 млн тоннаға дейін өседі деп болжанып отыр. Ішкі тұтыну көлемі 2,14 млн тоннадан 2,73 млн тоннаға дейін артып, жан басына шаққанда 105 килограмнан 133 килограмға дейін жетеді.
Болжам бойынша, картоп экспорты аздап төмендеп, 565,2 мың тоннадан 473,8 мың тоннаға дейін қысқарады, ал импорт көлемі шамамен төрт есеге артып, 71,5 мың тоннадан 266,3 мың тоннаға дейін ұлғаяды.
Сарапшылар қазіргі таңда ішкі нарыққа қауіп жоқ екенін, ұсыныс пен баға тұрақты деңгейде екенін айтады. Дегенмен, оңтүстіктегі қуаңшылық пен солтүстіктегі шамадан тыс ылғал жағдайлары ескеріліп, болашақта болжамдар нақтылауы мүмкін.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мұндай теңгерімдер БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) әдістемесі бойынша есептеледі. Өнімнің шығындары халықаралық орташа коэффициенттерге сүйеніп айқындалады: пияз бойынша – 7%, картоп бойынша – 10%.
Зерттеу бюросының хабарлауынша, алдағы уақытта көкөніс нарығына қатысты тұрақты түрде баға динамикасын, нарықтағы жағдайды және сауда стратегиялары бойынша ұсынымдарды қамтитын жедел шолулар жарияланып отырады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
