«Kundybai Mining» тау-кен компаниясы акцияларының 20% үлесі өз құнынан әлдеқайда арзанға – бар болғаны 35,9 млн теңгеге сатылды. Қайтарылған актив 30% арзан бағаға өтті, – деп хабарлайды kursiv.media
Тым арзан
Ескі Қазақстанның бай-бағландарынан тәркіленген құнды қағаздарды «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) электронды аукционда сатқан. 1 сәуірде eSauda порталындағы саудаға бар болғаны бір субъект қатысып, актив бастапқы бағаға ешқандай саудасыз сатылған. Оны кім сатып алғаны әзірге белгісіз.
Айта кетейік, тау-кен компаниясының үлесі бұған дейін бірнеше мәрте өтпей қалған. Соған байланысты KUVA оның құнын шамамен екі есе түсіруге мәжбүр болған.
Бағалаушылар «Kundybai Mining» акцияларының 20% үлесін 51,3 млн теңге тұрады деп есептеген. Алайда ол аукционда бар болғаны 35,9 млн теңгеге, яғни 30% арзан бағаға сатылып отыр.
Компания туралы
«Kundybai Mining» компаниясының бас кеңсесі Алматы қаласының орталық ауданында орналасқан. Тау-кен компаниясы Қостанай облысындағы Құндыбай кен орнын игерумен айналысады.
Оның 20% үлесін мемлекет меншігіне нақты кімнің қайтарғаны ресми түрде жарияланбады.
eGov мәліметінше, «Kundybai Mining» акционерлік қоғамы Алматы қаласында 2011 жылғы 11 қазанда тіркелген. Шамамен жарты жылдан соң – 2012 жылғы 9 сәуірде қайта тіркеуден өткен. Компания басшысы – Руслан Хасанов. Акционерлік қоғамның жалғыз құрылтайшысы бар, бірақ eGov оның нақты кім екенін көрсетпейді. «Kundybai Mining» геологиялық барлау мен зерттеу жүргізумен айналысады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
