Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған қаржы көлемі аз емес. Отыз жылда ел несібесін еселеуге тиіс қаржының қанша көлемі сыртқа шыққанын ешкім дөп басып айта алмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен ел қазынасынан ұрланған қаржы біртіндеп қайтарылып жатыр. Сонымен, елден заңсыз шығарылған қанша актив Қазақстанға қайтарылды? Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметінің өкілдері айтты.
12 мамырда Бас прокуратурада Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған бас прокурор Берік Асылов қатысты.
Ведомство мәліметінше, бүгінде мемлекетке ортақ күш-жігермен 760 миллиард теңгеден аса сома активтері қайтарылған, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 миллион доллар.
Құқық қорғау органдары қылмыстық істер шеңберінде жалпы сомасы 620 миллиард теңге активтерін қайтаруды қамтамасыз еткен, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 миллион доллар. Берік Асылов кулуарда бұл қаржының бір бөлігі бұрын Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болғанын түсіндірді, деп хабарлайды zhasalash.kz. Басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден аса сұрау хат жолданғаны айтылды. Олар бойынша 100 миллион АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым салынған.
Бас прокурор активтер Лихтенштейн, Австрия, Біріккен Араб Әмірліктері және Гонконг сияқты елдерден қайтарылғанын мәлім еткен. Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының кәсіпорындарынан қосымша 100 миллиард теңгеден аса салық өндіріп алды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтары компанияларына 7 миллиард теңгеге жуық айыппұл салды, ал БҚДА 4 миллиард теңгеге санкциялар қолданған. Прокурорлардың шараларымен олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын 460 мың гектардан аса жер қайтарылған. Сондай-ақ нарықтық бағасынан 4 есе төмен бағамен сатып алынған Алматының көтерме сауда нарығындағы үлесі, олигополия субъектілерінің меншігінде заңсыз болған Алматы әуежайының 17 коммерциялық үй-жайлары мемлекетке қайтарылып отыр.
Бұрын шетелге кеткен қаржы дейтін болсақ, енді шетелден қайтқан қаржы дейтін күнге де жеттік. Бәлкім, әділетті, халыққа есеп беретін Қазақстанның алғашқы қадамы осы шығар…
А.БЕК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!