Қазақстанда алтын өндірісі соңғы 3 жыл қатарынан тұрақты деңгейде болып отыр. Орта есеппен 72 тонна аффинаждалған, яғни құрамында қоспасы жоқ, толық тазартылған, стандартқа сай алтын өндіріледі. Елімізде осындай алтынды экспорттауға тыйым салынған, себебі бүкіл көлемді Ұлттық банк сатып алады. BAQ.KZ тілшісі бұл саладағы жалпы жағдайды және әлемдік нарықтың Қазақстанға әсерін зерттеп көрді.
Әлемдік бағаның өсуі аясында еліміздегі Ұлттық банк алтын резервін 1 жыл ішінде 23,8 млрд доллардан 41,9 млрд долларға дейін ұлғайтты. 2026 жылға қарай кенді қайта өңдеу және Доре қоспасын, яғни алтынның бастапқы, толық тазартылмаған қорытпасын өндіру бойынша бірқатар ірі жобалар іске қосылады. Ал ел қойнауындағы дәлелденген алтын қоры 2 369 тонна деп бағаланып отыр.
Алтын өндірісі: тұрақты көлем және экспорттың болмауы
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстандағы алтын өндірісінің көлемі айтарлықтай өзгермей келеді. Мәселен Индустрия министрлігі соңғы 3 жылда аффинаждалған алтын өндірісі шамамен 72 тонна деңгейінде сақталғанын атап өтті.
2022-2024 жылдары алтын өндірісі бір деңгейде тұр, айтарлықтай ауытқулар жоқ, – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар отандық шикізаттан алынған аффинаждалған алтын экспортталмайды. Бұл шешім 2022 жылдың 14 наурызында Президент Жарлығынан кейін күшіне енді.
Отандық шикізаттан өндірілген аффинаждалған алтын экспортталмайды. Ол бірінші кезекте Ұлттық банкке өткізіледі, содан кейін Ұлттық банк зергерлерге арналған квотаны анықтайды, -деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Қазақстан 2026 жылға қарай қайта өңдеуді қалай арттырмақ?
Салада жаңа өндіріс орындары іске қосылуға дайындалып жатыр. Мысалы 2026 жылға Жамбыл облысында екі ірі жоба жоспарланған, сондай-ақ Доре қоспасын өндіретін 7 нысан елдің әртүрлі өңірлерінде салынбақ.
Қазіргі уақытта 2026 жылға жоспарланған екі алтын өңдеу жобасы бар. Бар кәсіпорынды жаңғырту және тау-кен металлургия комбинатын салу. Инвестициялар көлемі тиісінше 2,8 млрд және 21 млрд теңге, – деді Индустрия министрлігі.
Ең көп капитал қажет ететін жобалардың бірі – Ақтөбе облысындағы Юбилейное кен орнындағы фабрика. Оның қуаты жылына 7,2 тонна Доре өндіруге жетуі тиіс.
Инвестиция көлемі 207 млрд теңге болмақ. Ол жерде 700-ге жуық жұмыс орны жоспарланған, – деп нақтылады ведомство.
2026 жылдың соңына дейін Ақмола, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында және Ұлытау өңіріндегі Қужал кен орнында да жаңа фабрикалар іске қосылуы керек.
Ең көп алтын өндіретін компаниялар
Қазақстанда алтынды негізінен 3 ірі компания өндіреді. Олар жылына 70 тоннадан асатын аффинаждалған металл береді.
Қазақстанның ең ірі алтын өндірушілері – Қазмыс, Казцинк және Тау-Кен Алтын, – деп мәлімдеді министрлік.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ең үлкен көлем 34,4 тонна Астанадағы «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытына тиесілі екенін де айта кетейік.
Әлемдік бағаның өсуі: жер қойнауын пайдаланушыларға қалай әсер етеді?
Алтынның рекорд қымбаттауы жер қоунауын пайдалануға және геологиялық барлауға қызығушылықты күшейтті. Қазақстан металл өндіру бойынша әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді және зор геологиялық әлеуетке ие.
Алтын бағасы жоғары болған кезде инвесторлар аукциондарға белсендірек қатысады, барлау лицензияларына сұраныс артып, перспективалы учаскелер үшін бәсекелестік күшейеді,- деді ведомство.
Министрліктің мәліметінше, елге халықаралық биржаларда қаржыландыру тартатын юниорлық компаниялар көптеп келуде. Бұл геологиялық базаны кеңейтіп, сервистік сегменттегі жұмыспен қамтуды арттырады.
Қойнаудағы қорлар да айтарлықтай, себебі дәлелденген ресурстар 2 369 тонна деп бағаланады.
Ұлттық банк резервтерді ұлғайтуда: алтын негізі активке айналды
Осы орайда Ұлттық банк өзінің басым сатып алу құқығын белсенді пайдаланып келеді. Әлемдік бағаның өсуі аясында Ұлттық банктің алтын резервтері 1 жылда екі еседей өсті.
2024 жылдың соңынан 2025 жылдың қазанына дейін алтын қоры 23,8 млрд доллардан 41,9 млрд долларға дейін ұлғайды. Бағаның күрт өсуі және басым сатып алу құқығын іске асыру аясында қордың арту үрдісі байқалады, – деп хабарлады Ұлттық банк.
Соңғы деректерге сәйкес, Ұлттық банкқа тиесілі халықаралық резервтердің 69 пайызы алтынға тиесілі.
2026 жылға қатысты реттеуші «отандық аффинаж кәсіпорындары өндірген алтынның барлығын сатып алуды жалғастырамыз» деп мәлімдеді.
Баға болжамы: белгісіздік сақталады
2025 жылғы бағаның шарықтауы ФРЖ мөлшерлемені төмендетуімен, доллардың әлсіреуімен және әлемдегі тұрақсыздықпен байланысты болды. Алайда алдағы бағалар әлі де белгісіз.
2026 жылғы алтын бағасының перспективалары белгісіз болып отыр және жаһандық экономика, ақша-несие саясаты, геосаяси жағдай және орталық банктер сұранысы сияқты факторларға байланысты қалыптасады,- деді Ұлттық банк.
Халықтың қызығушылығы: монета мен құймаға сұраныс артуда
Соңғы жылдары қазақстандықтар да өлшенген құймалар мен инвестициялық монеталарды белсенді сатып алуды бастады. Банктер, айырбастау пункттері және Tabys қосымшасы арқылы 8,6 тоннадан астам құйма және 1,3 тонна монета сатылған.
Халықтың алтынға қызығушылығы сақталып отыр, себебі алтын экономикалық және геосаяси тұрақсыздық кезінде сенімді актив ретінде қарастырылады,- деп хабарлады ведомство.
Индустрия министрлігі мен Ұлттық банктің деректері Қазақстанның алтын өндіру саласының жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді.
Алтын өндірісі тұрақты деңгейде сақталып отыр, мемлекеттік резервтер рекордтық қарқынмен өсуде, ал инвесторлардың қызығушылығы әлемдік жоғары бағалар аясында күшейіп келеді.
2026 жылға жоспарланған жобалар қайта өңдеуді кеңейтіп, ішкі шикізат базасын нығайтуы тиіс. Халықтың алтынға деген тұрақты сұранысы да оны жинақтарды қорғаудың сенімді құралы ретінде көрсетеді.
Сала әлеуеті әлі де зор деп айтуға келеді. Себебі дәлелденген қорлар, жаңа кен өндіру жобалары және жергілікті қайта өңдеу көлемін арттыру мүмкіндігі Қазақстан үшін алтынды орта мерзімді перспективада стратегиялық ресурсқа айналдырмақ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
