2025 жыл жаһандық экономикалық және геосаяси тұрақсыздық аясында Қазақстан үшін салыстырмалы түрде табысты өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 6 пайыздан жоғары болатынын, ал жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет 300 миллиард АҚШ долларынан асатынын атап өтті. Бұл – экономиканың ішкі серпіні сақталып отырғанын көрсететін маңызды межелердің бірі, деп жазады Egemen.kz.
Экономиканың құрылымы 2025 жылы біршама теңгерімді сипат алды. Негізгі өсім қызмет көрсету саласының үлесіне тиесілі болғанымен, тауар өндірісі де өз позициясын сақтап қалды. Өнеркәсіп тауарлық сектордағы ең ірі құрамдас бөлік ретінде қалып отыр. Мұндай құрылым бір ғана салаға тәуелділікті азайтып, сыртқы күйзелістерге икемді жауап беруге мүмкіндік береді. Экономиканы әртараптандыру іс жүзінде жүзеге асып келе жатқанын осы көрсеткіштер айғақтайды.
Инвестициялық белсенділік те негізгі тіректердің бірі болды. Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі шамамен 18,5 трлн теңгені құрап, жылдық есепте 13 пайызға жуық өсті. Жеке инвестициялар ағыны да шамамен 10 пайызға артты. Сонымен қатар жыл бойы өткен халықаралық келіссөздер нәтижесінде жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалғаны айтылды. Орталық Азияға тартылған инвестициялардың 60 пайыздан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі екені де атап өтілді.
Жалпы алғанда, Қазақстан жыл сайын орта есеппен 20 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартып келеді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш шамамен 10,1 миллиард доллар деңгейінде бағаланды. Бұл елдің инвестициялық тартымдылығының сақталып отырғанын көрсетеді.
Инвесторлар үшін институционалдық жағдайды жақсарту да күн тәртібінен түскен жоқ. Арнайы экономикалық аймақтардағы салықтық және кедендік жеңілдіктер, АХҚО аясындағы ерекше құқықтық режим мен болжамды ережелер шетелдік капитал үшін маңызды факторға айналды. Бұған қоса, 2025 жылы инвестициялық виза немесе 10 жылға дейінгі тұруға рұқсат беру тетігі жарияланды. Бұл мүмкіндік компания капиталына немесе жергілікті биржалық құралдарға кемінде 300 мың доллар көлемінде инвестиция салған тұлғаларға қарастырылды.
Нақты секторда да қозғалыс байқалды. Елде 33 жаңа зауыт іске қосылып, шамамен 150 өндіріс орны жаңғыртудан өтті. Бұл экономикалық өсімнің тек статистикалық емес, нақты өндірістік негізге сүйеніп отырғанын көрсетеді. Жаңа қуаттар, жеткізу тізбектері мен жұмыс орындары осы үдерістің тікелей нәтижесіне айналды.
Астана қаласының рөлі де күшейе түсті. Мемлекет басшысының елорданы дамыту мәселелері бойынша өткен кеңесте айтқан бағалауына сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қаланың жалпы өңірлік өнімі шамамен 34 миллиард долларды құрауы мүмкін.
Әлеуметтік көрсеткіштер де біршама оң серпін көрсетті. 2025 жылдың екінші тоқсанында орташа атаулы жалақы 448 620 теңгеге жетіп, жылдық есепте 11,3 пайызға өсті. Астанада жалақы өсімі инфляция деңгейінен жоғары болып, 15,4 пайызды құрады. Ал медианалық жалақы шамамен 317 512 теңге деңгейінде қалыптасып, 2024 жылмен салыстырғанда 11,1 пайызға артты.
Жалпы алғанда, 2025 жыл Қазақстан экономикасы үшін жоғары өсім қарқынымен, тұрақты инвестициялық ағынмен және өндірістік әлеуеттің нақты кеңеюімен ерекшеленді. Мемлекеттік саясаттың басымдығы шикізаттан тыс салаларға, инфрақұрылымға, өңдеу өнеркәсібіне және қызмет көрсету секторына капитал тартуға бағытталғаны айқын көрінді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
