Өткен аптада Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасында ішкі сұраныстың жоғары болуы және бюджеттік саясаттың жұмсаруы аясында «тепе-теңдіктен шығу белгілері байқала бастағанын» мәлімдеді. Қордың бағалауынша, 2025 жылы ЖІӨ өсімі тұрақты деңгейден асып, инфляция 13% шамасына дейін көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ХВҚ сарапшыларының пікірінше, Ұлттық қордан бөлінетін ірі трансферттер мен мұнай өндірудің ұлғаюы экономикалық өсімді уақытша жоғары деңгейде ұстап тұрғанымен, бағаға қысымды күшейтеді және мұнай кірістерін есепке алмағандағы бюджеттік тапшылықтың өсуіне әкеледі.
Халықаралық сарапшылардың мұндай ескертуінің нақты нені білдіретінін және бұл жағдайдың Қазақстан үшін қаншалықты қауіпті екенін түсіну үшін BAQ.KZ тілшісі экономист Андрей Чеботаревқа жүгінді.
Экономистің айтуынша, ХВҚ-ның ескертуі жақындап келе жатқан дағдарыс туралы емес, экономиканың өзінің қалыпты, инфляцияны күшейтпей өсуді қамтамасыз ете алатын мүмкіндігінен жоғары деңгейде жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді.
ХВҚ расымен де Қазақстан экономикасында қызып кетудің белгілері бар деп санайды, бірақ бұл – дағдарыс деген сөз емес. Мұндағы мәселе – экономиканың өзінің тұрақты мүмкіндігінен жоғары қарқынмен жұмыс істеп жатқаны. Қордың бағалауынша, өсім жоғары деңгейде қалып отыр, ішкі сұраныс күшті, ал инфляция жақын жылдары Ұлттық банктің нысаналы дәлізінен жоғары болады. ХВҚ тұжырымдамасы бірнеше фактордың жиынтығына негізделген. Соңғы жылдары мемлекет шығындарды белсенді түрде ұлғайтып, қолдау бағдарламаларын кеңейтті және Ұлттық қордан бюджетке қомақты қаржы аударып келеді. Халық пен бизнестің сұранысы жоғары болып тұрған жағдайда бұл бағаларға қысымды күшейтеді және мұнай кірістерін есептемегендегі тапшылықтың өсуіне қосымша серпін береді, – деп түсіндірді спикер.
Андрей Чеботаревтің айтуынша, ХВҚ бірнеше негізгі факторға назар аударады:
- Біріншіден, бюджеттік саясаттың шамадан тыс кеңеюі: Ұлттық қордан бөлінетін ірі трансферттер, шығындардың өсуі және ауқымды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы.
- Екіншіден, несие көлемінің артуы және халық пен бизнестің сұранысының жандана түсуі. Осыған қарамастан, инфляция екі таңбалы деңгейде қалып отыр, ал мұнайға қатысы жоқ бюджеттік тапшылық өсіп келеді. Оның айтуынша, дәл осы жайттар экономиканың «шамадан тыс қарқын алуы» сияқты әсер қалыптастырады және антиинфляциялық саясаттың толық қуатында жұмыс істемей тұрғанын көрсетеді.
- Сонымен бірге ол Қазақстан экономикасының іргетастың тұрақтылығы жоғары деңгейде сақталып отырғанын атап өтеді. Мемлекеттік қарыздың төмен болуы, банк жүйесінің орнықтылығы және ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы елге жүйелі күйзелістерден қорғайтын жеткілікті «қауіпсіздік жастығын» ұсынады.
Қазақстанның экономикасы әлсіз емес екенін түсіну маңызды. Мемлекеттік қарыз төмен, қаржы жүйесі тұрақты, ал болашақ өсімнің бір бөлігі мұнай өндіру қуатының артуы мен инфрақұрылымдық жобалар есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл – макроэкономикалық күйзеліске жақындап қалдық деген сөз емес, тек қазіргі қарқын фискалдық және ақша-кредит саясатын мұқият теңестіруді талап етеді, – деді спикер.
Сарапшының айтуынша, ХВҚ ұсынымдарын бірден орындалуы тиіс қатаң нұсқаулық ретінде емес, сыртқы диагностика ретінде қарастырған дұрыс. Халықаралық институттар әдетте сұраныс жоғары кезеңдерде тапшылықты төмендетіп, саясатты қатаңдатуды ұсынады, бірақ Қазақстан жағдайында макротұрақтылық пен инвестициялық дамудың арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды.
Қордың ұсынымы – бұл сыртқы аудит, экономикалық саясат үшін пайдалы стресс-тест. Бірақ барлық кеңесті бұлжытпай орындау – қате болар еді. Қазақстан үшін инвестициялық циклді сақтау өте маңызды: инфрақұрылым, энергетика, логистика, адами капитал – осы жобалардың бәрі ұсыныс көлемін арттырып, уақыт өте келе қызып кету тәуекелдерін төмендетеді. Бұдан бөлек, елдің ұзақмерзімді өсімге зиян келтірмей-ақ саясатты жұмсақ түзетуге мүмкіндік беретін құралдары бар. ХВҚ ескертуін елемеуге болмайды, олар нақты қауіптерге назар аударады: инфляцияның жоғары болуы, сұраныстың күшеюі және бюджеттің кеңеюі. Бірақ бұл экономика қауіпті аймаққа кірді дегенді білдірмейді, – дейді Андрей Чеботарев.
Экономистің пікірінше, елде саясатты үйлестіруді жақсартуға, шығындардың тиімділігін арттыруға және ұзақмерзімді өсімді қамтамасыз ететін ынталандыруларды сақтауға мүмкіндік беретін жеткілікті бағытын өзгерту кеңістігі бар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
