Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Қазақстандағы бәсекелестікке арналған шолуында ел экономикасының баяу дамуына әсер етіп отырған негізгі факторларды атады. Ұйым сарапшыларының пікірінше, бәсекелестіктің жеткілікті деңгейде дамымауы, әуелі, мемлекеттің нарықтағы үлесінің шамадан тыс жоғары болуымен байланысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстандағы бәсекелестік саясатына арналған шолуында үстем жағдайды теріс пайдалануға қатысты бірқатар даулы тәжірибелерге назар аударады.
Атап айтқанда, монополиялық жоғары баға белгілеу істері бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (АЗРК) активтерді мемлекеттік меншікке қайтару түріндегі шараларды қолданған жағдайлар тіркелген. Осылайша үстем жағдайды теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған жекелеген компаниялардың акциялары немесе жылжымайтын мүліктері толық немесе ішінара мемлекет меншігіне өткен.
Ұйымның пікірінше, мұндай тәжірибе іс жүзінде жеке компанияларды санкция ретінде ұлттықтандырумен тең. Мұның бәрі меншік құқығын қорғау қағидаттары тұрғысынан, халықаралық тәжірибеге сәйкестігі жағынан және Қазақстанда белсенді түрде ілгерілетіліп отырған жекешелендіру саясатының мақсаттарымен үйлесімділігі тұрғысынан елеулі алаңдаушылық туғызады.
Сонымен қатар ұйым осындай инвазивті шараларды қолданудың нақты әрі айқын құқықтық негізін анықтай алмағанын атап өтеді. Халықаралық тәжірибеде үстем жағдайды теріс пайдаланғаны үшін компанияларға елеулі ақшалай айыппұлдар салынғанымен, бәсекелестік заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік шарасы ретінде активтерді мемлекет меншігіне алу қолданылмайды дейді ұйым.
Жеке бизнесті мемлекеттік қолдау жүйесіне қатысты сын
Ұйымның мәліметтеріне сенсек, Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың ауқымды әрі күрделі жүйесі қалыптасқанын атап көрсетеді. Онда:
- Шағын және орта бизнес
- Ауыл шаруашылығы
- Инвестициялық қызмет
- Инновациялық қызмет
- Шығармашылық қызмет
- Отандық өндіріс
- Тұрғын үй құрылыс
- Туризм
- Арнайы экономикалық аймақтар
- Индустриялық аймақтар бар.
«Мемлекеттік қолдау саясатын ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады. Қолдаудың негізгі нысандары ретінде қаржылық, инфрақұрылымдық, институционалдық және қаржылық емес тетіктер айқындалған. Алайда ұйымның бағалауынша, осы қолдау шараларына қолжетімділік барлық нарық қатысушылары үшін бірдей емес», – делінген Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының хабарламасында.
Осы ретте бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кейбір компаниялардың өтінімдері жедел әрі басым тәртіппен қаралған жағдайларды тіркеген. Ол өз кезегінде жекелеген субъектілер үшін бәсекелестік артықшылықтар қалыптастырады. Қолданыстағы тетіктер адал бәсекелестік саласындағы бірыңғай мемлекеттік стандарттардың жоқтығы мәселесін толық шеше алмай отыр.
Бұдан бөлек, сарапшылар мемлекеттік қолдаудың іріктемелі түрде көрсетілуі бәсекелестік ортаны бұрмалап, ресурстарды бөлудің тиімділігін төмендететінін атап өтеді. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында жекелеген өндірушілердің елеулі субсидиялар алуы басқа қатысушылардың тең жағдайда бәсекеге түсу мүмкіндігін шектейді. Халықаралық валюта қорының «Мемлекеттік қаржыға шолуында» да мұндай қолдау кәсіпорындардың өсуге ұмтылысын әлсіретіп, өнімділіктің төмендеуіне алып келуі мүмкін екені көрсетілген.
«Жалпы алғанда, мемлекеттік қолдаудың шамадан тыс болуы инновацияларға кедергі келтіріп, экономикалық тиімділікті төмендетуі ықтимал. Дегенмен өтпелі экономика жағдайында мемлекеттің белгілі бір деңгейде қатысуы негізделген болуы мүмкін. Басты міндет салалар жетілген сайын мемлекеттік араласуды кезең-кезеңімен қысқартып, жеке сектордағы бәсекелестікке қолайлы жағдай жасау болып отыр», – дейді ұйым сарапшылары.
Антимонополиялық органның институционалдық әлсіздігі
Есепте бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қызметтік жүктемесінің тым кеңдігі де сынға алынады.
«Агенттік картельдер мен үстем жағдайды теріс пайдалану фактілерін тергеумен қатар, баға мониторингін жүргізу, табиғи монополияларды реттеу, мемлекеттік қолдауды бақылау, жекешелендіруді талдау және бәсекелестікті дамыту бойынша ұсынымдар әзірлеу міндеттерін қатар атқарады. Бұл функциялардың көптігі орган қызметінің бытыраңқылығына алып келеді. Құрылымдық тұрғыдан алғанда, агенттікте 20 департамент пен 20 аумақтық басқарма бар. Антимонополиялық істердің басым бөлігі өңірлік басқармаларға жүктелген, ал орталықтағы тергеу департаментінде небәрі 12 қызметкер жұмыс істейді. Формалдандырылған басымдықтарды айқындау жүйесінің болмауы күрделі істер бойынша үстірт тергеулер жүргізілу қаупін арттырады.
Кадрлық тұрақсыздық та өзекті мәселе ретінде көрсетіледі», – делінген есепте.
Айта кетейік, 2024 жылы агенттіктегі орташа таза айлық жалақы ел бойынша орташа көрсеткіштен төмен болған. Жоғары жүктеме, жалақының бәсекеге қабілетсіздігі және әлеуметтік кепілдіктердің шектеулілігі кадрлардың жиі ауысуына себеп болып отыр.
«Мемлекеттік қатысудың жоғары деңгейі бәсекелестіктің басты тосқауылы 2025 жылғы 17 қарашада жарияланған экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Қазақстандағы бәсекелестік туралы шолуында экономикалық өсімді тежейтін негізгі факторлардың бірі ретінде бәсекелестіктің жеткіліксіз дамуы аталды. Бұл жағдай, ең алдымен, мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуымен байланысты», – деді сарапшылар.
Есепте Қазақстанда мемлекеттік қатысуы бар кәсіпорындардың көптеген салаларда кеңінен сақталғаны, сондай-ақ «бірыңғай операторлар» институтының күшейіп келе жатқаны атап өтіледі. Бұл мемлекет пен жеке сектор арасындағы теңсіздікті тереңдете түседі.
Бәсекелестік бейтараптық қағидаты заңнамалық деңгейде бекітілгенімен, іс жүзінде оны қолдану әлі де әлсіз дейді сарапшылар.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дерегінше, Product Market Regulation (PMR) индикаторлары Қазақстан экономикасында бәсекелестікке кедергілердің жоғары екенін бұрыннан көрсетіп келеді.
«Осыған байланысты ұйым Қазақстанды алдағы бағалауларға қатысуға және PMR индексін ұлттық даму жоспарларына енгізуге шақырады. Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді дамуы табиғи ресурстарға емес, бәсекелестікті шектейтін институционалдық тосқауылдарды жою қабілетіне тікелей байланысты екенін атап өтеді. Ұйымның қазіргі бағасы Қазақстанға қажетті реформалар туралы бұрын жарияланған сараптамалық тұжырымдармен толық үндес келеді», – деп түйіндеді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
