Орталық Азия қазір инвестициялық трансформацияның ерекше кезеңін бастан өткеріп отыр. Көп жылдан бері алғаш рет аймақ ірі ойыншылар үшін жай ғана шикізат көзі емес, капиталды стратегиялық орналастыруға қолайлы өңір ретінде қарастырыла бастады. Осы жағдайда Қазақстан мен Өзбекстан әртүрлі, бірақ бірін-бірі толықтыратын дамудың екі үлгісін көрсетіп келеді. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан әлі де инвестиция көлемі мен институционалдық даму деңгейі бойынша көш бастап тұр. Ал Өзбекстан соңғы жылдары қарқын алып, капитал тарту қарқынынан басып озуда. Екі ел арасындағы «инвестициялық жарыстың» мән-жайы туралы BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Қазақстан өңірде ауқымы мен институционалдық кемеліне келуі бойынша әлі де жетекші орында. Елге тартылған жинақталған инвестиция көлемі $400 млрд-тан асады, инфрақұрылымы дамыған, ЖІӨ шамамен $288–301 млрд аралығында тұр. Аналитиктердің пайымдауынша, 2024 жылы жобалық инвестициялардың жиынтық ағымы $15,7 млрд-қа жетті. Бұл көрсеткіш Өзбекстаннан төрт есе жоғары.
Алайда жыл қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың таза балансы теріс болды (-$2,55 млрд). Оның ішінде америкалық инвесторлар портфелі де қысқарды (-$870 млн). Бұл – бірқатар ірі жобалар кезеңінің аяқталуы және активтердің қайта бағалануының әсері, – дейді «Еуразиялық мониторинг» талдау орталығының директоры Әлібек Тәжібаев.
Сарапшының айтуынша, дәл өсу қарқыны Ташкентті халықаралық инвестициялық статистикада көзге түсіріп отыр.
Өзбекстан өсім қарқыны бойынша әлдеқайда қарқынды көрініп тұр: 2024 жылы ол 30 жылда алғаш рет Қазақстаннан таза инвестиция ағымы бойынша озып кетті ($2,8 млрд). Бұл – либерализацияның белсенді жүргізілуі мен ауқымды ынталандыру шараларының нәтижесі. Инвестор үшін қорытынды айқын: Қазақстан – тұрақтылығы мен дәлелденген активтері бар “зәкір алаңы”, ал Өзбекстан – жобаларды жылдам масштабталатын, қарқыны жоғары көршіміз, – деді Әлібек Тәжібаев.
Қазақстанның күші – институттардың кемелдігінде
Аналитик инвестициялық тартымдылық бір ғана факторға емес, заңнаманың сапасына, салық жүйесіне және саяси тұрақтылыққа сүйенетінін алға тартты.
Қазақстанның басты артықшылығы – институттардың болжамды жұмысы мен құқықтық қорғау. Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы инвесторлар ағылшын құқығы бойынша жұмыс істей алады, процедуралар ашық, сот тәуелсіз. Бізде аса үлкен салықтық жеңілдіктер жоқ, бірақ ойын ережесі тұрақты, – дейді Тәжібаев.
Оның сөзінше, Өзбекстан мүлде басқа жолды таңдады. Олар бүгінде экономиканы өсіру үшін агрессивті салықтық жеңілдіктерге сүйеніп отыр.
Өзбекстан өсімді жеделдететін құралдарға бәс тігіп отыр: арнайы экономикалық аймақтарда ұзақ мерзімді салықтық демалыс, IT-резиденттерді 2028–2040 жылдарға дейін бірқатар салықтардан босату, дивидендтерге нөлдік мөлшерлеме. Екі елде де саяси тұрақтылық бар, бұл инвесторлар үшін тәуекел бағасын төмендетеді. Қазақстанның басты артықшылығы – институттардың кемелділігі, ал Өзбекстанда бірінші орынға реформалардың қарқыны шығып отыр, – дейді сарапшы.
Санкциялық комплаенс
Соңғы жылдардың басты талаптарының бірі – бизнестің ашықтығын қамтамасыз ету және халықаралық санкциялық нормаларға сәйкес жұмыс істеу. Сарапшының айтуынша, Қазақстан бұл бағытта алдын ала қимылдайтын стратегияны таңдады және жаһандық стандарттарды реттеу жүйесіне енгізіп жатыр.
Қазақстан проактивті, яғни алдын ала жұмыс істейтін комплаенс моделін қолданады. AIFC FATF стандарттары бойынша AML/CFT талаптарымен жұмыс істейді: БҰҰ, АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания санкциялық тізімдері бойынша тексеру жүргізіледі, заң бұзушылардың активтері бұғатталады, реттеуішке хабар беріледі. Бұл реттеу белгісіздігін азайтады және жаһандық корпорациялар мен банктер үшін сенімді, аудит жүргізуге ыңғайлы орта қалыптастырады.
Өз кезегінде Өзбекстан бизнесті қорғау тетіктерін күшейтіп, банктер арқылы операциялық бақылауды арттырып жатыр.
Ташкент бақылауды банк секторы арқылы күшейтуде және бизнеске қызмет көрсететін инфрақұрылым қалыптастыру үстінде. Бизнес-омбудсмен офисі, тексерулердің бірыңғай платформасы, қаражатты қайтарудың нақты мысалдары бар. Сөйтіп инвестордың алдында екі бағыт тұрады: Қазақстанның ішінде AIFC арқылы халықаралық құзірет, ал Өзбекстанда – орталықтандырылған банктік бақылау, – дейді Тәжібаев.
Қазақстанға кім инвестия салады және неліктен “ірі ойыншылар” кетпей отыр
Қазақстан әлі де әлемдегі ең ірі инвесторлардың сенімін сақтап отыр, ал бұл ұзақ мерзімді тұрақтылықтың негізгі факторы саналады.
2015–2024 жылдар аралығындағы басты инвесторлар: Нидерланды ($30–33,8 млрд), АҚШ ($10–19,4 млрд), Швейцария ($12,5 млрд), Ресей ($11,7 млрд), Қытай ($6–10,4 млрд), сондай-ақ Бельгия, Франция, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Түркия. Инвестиция көп тартатын секторлар – тау-кен өнеркәсібі ($93,3 млрд), өңдеу өнеркәсібі ($41,1 млрд), кәсіби қызметтер ($15,3 млрд), – деп атап өтті сарапшы.
Ең ірі “зәкір-инвесторлардың” қатарында мұнай-газ саласындағы Chevron және ExxonMobil, ал басқа салаларда Boeing, General Electric, Honeywell, Pfizer секілді алып компаниялар жұмыс істеп жатыр.
2024 жылы АҚШ инвестициясының азаюы (-$870 млн) және Қытай қаржысының ~$1,2 млрд деңгейіне түсуі ірі жобалардың аяқталуымен байланысты. Соған қарамастан, Қазақстандағы активтердің сапасы жоғары күйінде қалып отыр.
Өзбекстан: ЖЭК пен технологияға арналған жаңа магнит
Тәжібаевтың пікірінше, инвесторлардың Өзбекстанға қызығушылығы “жасыл энергия” мен цифрлық технология саласының өсуімен байланысты.
Инвестицияның негізгі көздері – Қытай ($4-12 млрд), Ресей, Түркия, Германия, Сауд Арабиясы, Нидерланды, БАӘ, Ұлыбритания. Қытай инвестициясы 2017 жылдан бері бес есе өсті. 2024 жылы Еуразиядағы Қытайдың “жасыл” энергетикаға құйған инвестициясының 85%-ы дәл Өзбекстанға бағытталды, – деді сарапшы.
Ірі жобалардың қатарына: Boeing (8,5 млрд доллар, 22 Dreamliner), Citigroup, Cargill, Nvidia, Mastercard, Visa, GM және UzAuto Motors-пен бірлесіп электромобиль құрастыруды бастаған BYD кіреді. Бұл Өзбекстанның технологиялық тұрғыдан қаншалықты әртараптанып келе жатқанын көрсетеді.
Сарапшының пікіріне сүйенсек, 2024 жылы екі ел арасында инвестициялық ағын уақытша қайта бөлінді.
Өсім қарқыны бойынша Өзбекстан уақытша алға шықты: таза инвестициялық кіріс $2,8 млрд, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш -$2,55 млрд болды. Бірақ жалпы инвестициялық ағыс әлі де Қазақстанда әлдеқайда жоғары, яғни $15,7 млрд. Қытай мен Таяу Шығыс капиталы Өзбекстанға негізінен жасыл энергетика мен инфрақұрылымға келіп жатыр, ал Қазақстан «ауыр» салалар мен стратегиялық минералдарды ұстап отыр, – дейді ол.
Америкалық фактор
C5+1 форматы батыс инвестицияларын тартудың негізгі тетігіне және стратегиялық диалог алаңына айналды.
Қазақстан үшін бұл ірі индустриалдық және шикізаттық жобаларға жол ашады. Елде 600-630 америкалық компаниялар жұмыс істейді, ірі келісімдердің қатарында Wabtec ($4,2 млрд), стратегиялық минералдар, жаңартылатын энергия және логистика салаларындағы жобалар бар. 2024 жылы АҚШ-тың таза инвестиция балансы теріс болғанына (-$870 млн) қарамастан, жаңа активтер бойынша келіссөздер жалғасып жатыр, – дейді Тәжібаев.
Ал Өзбекстанда C5+1 форматы экономиканы әртараптандыруды жеделдетті: 2017 жылдан бері АҚШ-пен сауда төрт есе өсті, америкалық компаниялардың саны 300-ден асты. Сарапшы Boeing-пен жасалған $8,5 млрд келісім елдің технологиялық жаңғыруының символына айналды деп отыр.
Тәжібаев Өзбекстан инвестиция тартуда батыл әрі агрессивті қадам жасаса, Қазақстан тәуекелі аз, сыналған механизмдерге сүйенеді.
Қазір барынша «агрессивті» әрекет етіп отырған Өзбекстанның мәмілелері: авиация, қаржы, агробизнес, технология, автоөнеркәсіп саласында. Ал Қазақстан америкалық корпорациялармен қалыптасқан тарихи серіктестікке және энергетика мен минералдар саласындағы ауқымға сүйенеді. Қысқаша айтқанда, Қазақстан – тұрақтылықты капиталға айналдырып отыр, Өзбекстан – жылдамдықты капиталға айналдырып отыр, – дейді сарапшы.
Аналитиктің пікірінше, екі экономика да бір бағытта жүр, бірақ логикасы өзгеше.
Қазақстанның басты артықшылығы – ондаған жыл бойы қалыптасқан серіктестік: Chevron, ExxonMobil, GE, Boeing, Pfizer, Honeywell сияқты “көк фишка” компаниялары. Бұл – қауіпсіздік стандарттары мен технологиялық тәжірибені қамтамасыз етеді. 2023–2024 жылдары америкалық капитал қозғалысы аздап түзетелгенімен, сенім инфрақұрылымы мен жобалық құбыр сақталды. Өзбекстан болса, төмен базадан тез өсіп келеді: сегіз жылда АҚШ-пен сауда төрт есеге артты, америкалық компаниялар саны 300-ден асты. Бұл екі елдің бәсекесі емес, бірін-бірі толықтыратын модель: Қазақстан – тұрақтылықтың өзегі, Өзбекстан – үдеудің модулі, – деп қорытындылады сарапшы.
Макрокөрсеткіштер: көлем бойынша – Қазақстан көшбасшы, өсім қарқыны бойынша – Өзбекстан жалпы трендті айқын көрсетіп тұр.
Қазақстанда жинақталған тікелей шетелдік инвестициялар $400 млрд-тан асады, ЖІӨ $288–301 млрд, ал 2024 жылы жалпы түсім $15,7 млрд болды. Өзбекстанда 2024 жылғы таза кіріс $2,8 млрд, ТШИ өсімі 53,6%-ке жетті. 2025 жылдың қаңтар айының өзінде $3 млрд тіркелді, – дейді сарапшы.
ЖІӨ өсімі де екі елдің даму фазасының әртүрлі: Қазақстан – 2024 жылы 4,8%, 2025 жылдың бірінші жартысында 6,2%-ға дейін.
Өзбекстан – 6,5% және одан жоғары екенін көрсетеді:
Орта мерзімде Қазақстан 2026 жылға таман демдеуі мүмкін, себебі ірі жобалар аяқталып жатыр. Бірақ база бар: инфрақұрылым, AIFC, индустриялық кооперация, стратегиялық минералдар және көлік дәліздері. Өзбекстан болса үлкен ішкі нарық пен реформалардың арқасында үдеуді жалғастырып келеді, – деп түйіндейді Әлібек Тәжібаев.
Сайып келгенде, сарапшы стратегиялық инвесторлар үшін ең тиімді жол – портфельдік модель деп санайды. Былайша айтқанда, өзегі – Қазақстанда, ал өсім – Өзбекстанда болып тұр.
Қазақстан – болжамды орта, инфрақұрылым және ірі жобаларға қолжетімділік. Өзбекстан – жаңа салаларда жобаларды жылдам масштабтау мүмкіндігі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
