2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы шамамен 28 миллиард долларды құрады. 2025 жылдың 8 айының ішінде бұл көрсеткіш 17 миллиард доллардан асты. Мақсат – екіжақты сауданы 30 миллиард долларға жеткізу. Мұнда ЕАЭО-ның үлесі қандай және 10 жыл ішінде экономикалық одақ қалай өзгерді? Осы сауалдарға сарапшылармен бірге жауап іздейміз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Cаясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасым міндеттер толық орындалмағанымен, одақтас елдерге өз пайдасын тигізіп отырғанын айтады.
Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақтың толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасуының институционалдық базасы бар. Иә, Еуразиялық экономикалық одақ қазіргі таңда өз мақсат-міндеттерін толық деңгейде орындап отыр деп айту қиын, бірақ оның белгілі бір тиімді тұстары мен артықшылықтары бар екенін мойындау керек, – дейді сарапшы.
Қазақстан үшін ЕАЭО мүшелігінің тиімді тұстары
Біріншіден, осы алаң біздің экспорттық әлеуетімізді арттыруға, логистикалық және көлік дәліздерін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, ЕАЭО теміржол желісінің ұзындығы 145 мың шақырымды құрап, әлемде үшінші орынға ие болса, автожолдардың ұзындығы 2 млн. шақырымнан асады. Бұл көрсеткіштер Одақ кеңістігін Еуразиядағы ең ірі көлік артерияларының бірі етеді.
Екіншіден, әлемдік экономиканың шамамен 3,2%-ын және жаһандық экспорттың 2,7%-ын қамтамасыз етіп отырған бірлестік аз көрсеткіш емес. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан бұл құрылымнан белгілі бір дивиденд алып отыр, әсіресе сауда айналымы мен транзиттік кіріс бағытында.
Одақтың толық әлеуеті іске асты деу ерте. Интеграцияның теңгерімділігі, ұлттық мүдделердің ескерілуі, экономикалық саясаттағы үйлесім әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыттар. Сондықтан ЕАЭО біз үшін тек нарық қана емес, реформалар мен келісім мәдениетін жетілдіру алаңы да болуы тиіс, – дейді сарапшы Риззат Тасым.
Ресей мен Қазақстан шекарасының 7 мыңдаған шақырымға созылып жатқанын ескерсек, екі ел арасындағы байланыстың жақсы бағытта өрбуі дәл біздің елге пайдалы болмақ.
Қазақстан экономикасы тікелей Ресей экономикасымен байланысты болып отыр. Біздің Европаға басқа мемлекеттерге жасайтын транзиттік жолдарымыздың көбі осы Ресей арқылы өтіп отыр, – деді Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл.
Қазақстан ЕАЭО-на мүше бола отырып мемлекет экономикасының дамуына, тауар айналымының жақсаруына, жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізді. Біріншіден, Қазақстан экспортының шамамен 30%-ы одаққа мүше елдерге бағытталған, оның ішінде Ресей мен Беларусь бағыты. Екіншіден, ортақ кеден аймағының арқасында тауар тасымалдау шығындары азайды. Үшіншіден, Қазақстандық кәсіпорындар логистика мен шикізат жеткізуде әжептеуір жеңілдікке ие болды. Және Қазақстандықтар Ресейге, Беларусь еліне еңбек етуге ресми түрде мүмкіндік алды.
Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ барша қатысушы мемлекеттерге өзіндік тиімділігін әкеліп жатыр дейді Сенат депутат Геннадий Шиповских.
Экономикалық, сауда-саттық, тауар айналымы, әлеуметтік мәселелерге қатысты біздің өкілдеріміз еліміздің мүддесін қорғау үшін жұмыстар атқарып отқаны хақ. Менің ойымша, әрі қарайда сол атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі жұмыс жасауы тиіс. Ресей мен Қазақстан арасындағы бірнеше мықты стратегиялық одақтастық, келісімшарттар бар. Және елімізде соғылатын тұңғыш Атом электр станциясын да Ресейлік компанияның салуы – екі ел арасындағы байланыстың нығайып жатқандығын көрсетеді, – дейді ол.
2010 жылы ЕАЭО-на мүше елдер арасында бір-бірімен еркін сауда жасай алуы үшін кедендік шекаралар ресми түрде жойылған еді. Ол 2018 жылы кеңейтіліп бағытын, ауқымын үлкейтті. «MediaLab» орталығының жетекшісі Жақсыбек Жиеналиев бұл әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына пайдалығын айтады.
ЕАЭО аясында кедендік бақылаудың алынуы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің (әсіресе астық, ет және өңделген тағам өнімдері) Ресей мен Беларусь нарығына жылдам әрі жеңіл экспортталуына мүмкіндік берді. Бұл экспорт көлемінің артуына оң ықпал етті. Екіншіден, Еркін сауда аймағы құру, қосымша инвестиция тарту және өндіріске жаңа технологиялар енгізу үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Дегенмен, одаққа мүшелік ішкі өндірістің импортқа тәуелділігін әсіресе жеңіл өнеркәсіпте арттыру және бәсекелестікті күшейту сияқты қиындықтарды да тудыратынын атап өткен жөн, – дейді ол.
Ресейге салынған санкцияның ЕАЭО-ға әсері
Ресейге салынған санкциялар Одақ ішіндегі экономикалық өзара тәуелділіктің қаншалықты жоғары екенін көрсетті. Екінші жағынан, санкциялар белгілі бір деңгейде жаңа мүмкіндіктер де ашты. Мысалы, Қазақстан мен басқа да серіктес елдер балама сауда бағыттарын, жаңа жеткізу тізбектерін іздеуге кірісті. Бұл ішкі өндірісті дамыту мен өңірлік әртараптандырудың маңызын арттырды. Бірақ бір елдің әскери-саяси бағыты бүкіл құрылымға ықпал ете берсе, онда Одақтың болашағы шектеулі. Санкциясыз да ішінара өзара саудада кедергілердің бар екенін де байқаймыз, – дейді халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасым.
Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық теңсіздік, Ресейге тәуелділік және санкциялық қысым жағдайында ЕАЭО жаңа реформаларды қажет етіп отыр. Бұл туралы экономист-сарапшылар да дабыл қағып отыр. Одаққа мүше мемлекеттер арасында шектеулер бар. Олардың барлығы дерлік ситуативтік мәселелерге жауап ретінде пайда болуда.
Ресейде өңдеу өндірісін дамыту бағытында тәжірибелерді пайдаланып Қазақстанға Ресейлік инвестицияларды тарту керек. IT технология бағытында да біршама жұмыстарды бірігіп жасауға болар еді. Еуразиялық Одақ аясында жұмыс жасаған соң цифрлық ортаны дамыту керек, азаматтардың қауіпсіздігі мәселелері де талқылануды қажет етеді. Ресеймен қарым-қатынасты дамыту біз үшін де қажетті дүние. Екінші жағынан, біздің Халықаралық ұйымдар алдында міндеттемелеріміз бар, оларды бұзбау секілді үлкен мақсат тұр, – деді Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл.
Сарапшы Жақсыбек Жиеналиев сөзінше Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі. Сондықтан көрші елдегі қазіргі геосаяси жағдай, әсіресе халықаралық санкциялар, Қазақстан үшін айтарлықтай тәуекелдер мен жаңа мүмкіндіктерді тудырады.
Бүгінде екі ел арасындағы сауда айналымы 27 млрд АҚШ долларынан асып отыр. Бұл өзара экономикалық байланыстардың жоғары деңгейін көрсетеді. Алайда бұл жағдай импорттық тәуелділік мәселесін де күшейтеді. Қазақстандағы азық-түлік өнімдерінің және мұнай өнімдерінің айтарлықтай бөлігі Ресейден жеткізіледі. Демек, көрші ел экономикасындағы кез келген күрделі өзгеріс елімізде тауар тапшылығын тудырып, инфляцияның өсуіне себеп болуы мүмкін, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар ұлттық бюджеттің қомақты бөлігі мұнай-газ секторынан түсетін кірістерге тәуелді екенін ұмытпаған абзал.
Бұл бағытта да тәуекелдер жоғары, себебі қазақстандық мұнайдың 80%-дан астамы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспортталады. Егер халықаралық ахуал шиеленісіп, Ресейге қарсы санкциялар күшейетін болса, бұл мұнай экспортының үздіксіз жұмысына қиындық туғызып, елдің ішкі әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі әсер етуі мүмкін, – дейді сарапшы Жақсыбек Жиеналиев.
Мүмкіндіктер мен тәуекелдер
Қазіргі геосаяси және экономикалық ахуалда Ресеймен ортақ шарттар немесе келісімдер жасау барысында мүмкіндіктер мен тәуекелдерді тең бағалай білу қажетті көп айтылады. Ресей Қазақстанның импорты мен экспортындағы маңызды үлесін қосып отыр. Соңғы жылдары халықаралық санкцияларға қарамастан, екі ел арасындағы тауар айналымы 27 миллиард доллардан асып отыр.
Тиімділікті айта отырып тәуекелдердің бар екенін де ұмытпауымыз қажет. Ресеймен ЕАЭО шеңберіндегі міндеттемелерді сақтай отырып, ұлттық мүдделерді қорғау маңызды. Сауда-экономикалық байланыстарды, әсіресе мұнай мен басқа да стратегиялық тауарлардың экспортына қатысты балама бағыттарды да дамыту қажет. Қазақстан үшін басты мақсат -интеграцияның артықшылықтарын тиімді пайдалана отырып, экономикалық дербестікті сақтап қалу және кез келген сыртқы өзгерістерге икемді түрде бейімделу болып табылады, – деп есептейді Жиеналиев.
Ал халықаралық сарапшы Риззат Тассым алдағы жылдары ЕАЭО құрамында Қазақстанға түсетін баж салығының 6,9% үлесі ұлғаймаса, одақ елімізге пайда әкелмейтінін айтады.
Ортақ түсімнің 85% Ресейге тиесілі, ол өз үлесімен қаншалықты бөлісуге дайын? Менің біліуімше, үлесті бөлудің жаңа әдіснамасы қарастырылып жатыр. Бірақ ең қиыны барлық шешімдердің тек консенсус негізінде қабылданатынын ескерсек, талқылау үдерісі ұзаққа созылуы әбден мүмкін. Дегенмен, жақын перспективада Қазақстанның үлесі кем дегенде 8-9%-ға, ал идеалды жағдайда 10-14%-ға дейін жетуі қажет. Ондай жағдай орын алмаса, Қазақстанның Одақтағы болашағы бұлыңғыр болмақ, – дейді ол.
Одан бөлек, сарапшы пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ аясында Беларусь пен Ресейдің өзара қатынасы да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «екі ел-бір мемлекет» формуласы бойынша дамып келеді. Бұл өз кезегінде терең зерттеуді қажет етеді, себебі олардың мұндай ықпалдастығы кей жағдайда Одақ ішіндегі теңсіздікке алып келіп отыр.
Сондықтан ЕАЭО-тың болашағы, бәрінен бұрын, шынайы еркін айналымның, яғни тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің нақты еркін қозғалысын қамтамасыз ете алу қабілетіне байланысты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
