Сәрсенбі, 12 қараша, 21:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Қазақстан қайда және қанша көлемде ет экспорттады: ішкі нарық неге қымбаттап барады?

12.11.2025

46 0

Фото: BAQ.KZ коллажы

2025 жылы сиыр етінің орташа бағасы 3000 теңгені, ал қой еті 3300 теңгені құрап отыр. Бағаның бұлай өсуіне не әсер етіп отыр, Қазақстан биыл қанша ет экспорттады деген сауалдармен Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы сұраныс жібердік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елімізде ірі қара саны 8,5 млн басқа жетті. Оның ішінде сиыр – 4,5 млн бас, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5%-ға көп, төл алу көлемі едәуір өсіп, саны 2,8 млн басқа жетті. Бұл елімізде ет өндірісінің қалыпты нормада екендігін көрсетеді және ешқандай тапшылық қаупін тудырмайды.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин сиыр еті бойынша жағдай тұрақты екендігін айтады.

9 айдың қорытындысы бойынша елімізде өндіріс өсімі 102,6%-ды құрап отыр. Өткен жылы 795,8 мың тоннаны көрсетсе, биыл 816,3 мың тоннаны құрады. Оның ішінде 282,3 мың тонна сиыр еті, 88,6 мың тонна қой еті, 115,4 мың тонна жылқы еті өндірілді. Жалпы алғанда, сиыр еті бойынша жағдай тұрақты, нарыққа өнім жеткілікті көлемде түсіп жатыр, – дейді вице-министр.

Қанша ет экспортталды?

Статистикалық мәліметке сәйкес ағымдағы жылдың 8 айдағы қорытындысы бойынша барлық ет түрлері бойынша 71,1 мың тонна ет экспортталған. Оның ішінде сиыр етінің 91,5% немесе 25,2 мың тоннасы Өзбекстанға, 1,9 мың тонна Тәжікстанға, 371 тонна Қырғызстанға, Қытайға 55,1 тонна, БАӘ-ге 28,9 тонна және Грузияға 0,1 тонна тасымалданды.

Агроөнеркәсіп-сарапшысы Бақытжан Демесінов ет экспортының үлесін көбейту керектігін алға тартады.

Қазір Қазақстан жыл сайын шамамен 1,1-1,2 млн тонна ет өндіреді. Бұл ішкі тұтынуды жабуға толық жетеді. Ет ішкі нарықты қамтамасыз еткеннен кейін ғана артық өнімді сыртқа шығаруы тиіс деп есептеймін. Қазіргі таңда Қазақстан жылына 25-30 мың тонна ет экспорттайды. Бұл өте аз. Біз экспорт үлесін 10%-ға жеткізу керекпіз. Сонда ғана ішкі нарықтағы баға тұрақталып, сыртқы нарықта сапалы өніммен бәсекелесуге мүмкіндік туады, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ, Қазақстан ТМД елдерінің арасында Беларусь, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан елдерімен бәсекелесетінін айтады.

Беларусь өңделген ет өнімдері бойынша алдыңғы орында, Ресей өз алдына ірі өндіруші. Ал Өзбекстан мен Қырғызстан өз өндірісі аз мемлекеттер. Бірақ импорттаушы елдер ретінде маңызды серіктестер, – деді сарапшы.

Расымен, қой етінің де басым тасымалдануы Өзбекстанға тиесілі. Бұл Қазақстан ет экспорттауында бірінші орынға ие ел болып отыр. Одан бөлек, Біріккен Араб Әмірлігіне – 552,2 тонна, Тәжікстанға- 476,7 тонна, Қатарға – 245,7 тонна, Қырғызстанға – 208,4 тонна, Иранға – 127,9 тонна, Кувейтке – 54,4 тонна, Ресейге – 43,9 тонна, Сирияға – 10,3 тонна тасымалданған.

Ал құс етінің басым бөлігі Ресейге экспортталған көрінеді. Оның үлесі– 12,6 мың тоннаны құрап отыр. Ал Қырғызстанға – 10 мың тонна, Өзбекстанға – 1,5 мың тонна, Тәжікстанға – 176,4 тонна, Әзербайжанға – 115 тонна, басқа да мемлекеттерге – 41 тонна құс еті жөнелтілді.

Баға тұрақты ма?

Қазіргі уақытта еттің өзіндік құны килограммына 2 700–3 000 теңгені құрайды. Бірақ кәсіпкерлер еттің семіздігі мен санатына қарай килограммын 3 000–3 500 теңге аралығында сатуда.

Бұл – объективті әрі нарықтық баға. Сиыр еті бағасын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы тікелей сатып алу тетігі қолданылады. Бұл өнімнің тұрақты бағамен сатылуын қамтамасыз етеді, – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Сонымен қатар, биыл қыркүйек айынан бастап сиыр етінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі бірлесіп фермерлерден тікелей сөреге сиыр етін жеткізу жұмысын ұйымдастырды.

Бүгінгі күнге дейін 421 туша немесе шамамен 108 тонна сиыр еті жеткізілді, ол фермерлер арқылы тікелей Magnum және Small сауда желілеріне 2900–3100 тг/кг бағамен жеткізілуде және аталған сауда орындарында «әлеуметтік бұрыштар» ашылып, әрі қарай халыққа 3700 тг/кг аспайтын бағада сатылуда, – деп жауап береді министрлік.

Қазіргі таңда өңірлерде Астана қаласының сиыр етін тікелей сауда объектілеріне жеткізу тәжірибесін тарату жұмыстары жүргізілуде.

Бұл ретте, статистикалық мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылғы 4 қарашадағы жағдай бойынша республика бойынша соңғы аптада сиыр етінің бағасы 1%-ға төмендеу байқалған.

Ет сапасы үнемі бақылауда

Ауыл шаруашылығы министрлігі сою объектілеріндегі тушаларды ветеринариялық дәрігерлер тексереді және ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтетінін айтады.

Бұл ретте, ет міндетті түрде зерттелуге жатады, олар: тушаны, ішкі ағзаларды және басты органолептикалық тексеру, барлық қолжетімді лимфа түйіндерін ашу және ішкі ағзаларды кесу; пісіру сынамасы; финнозға (цистицеркозға) зерттеу; сынамалардың жалпы радиациялық фонын анықтау. Тушалар ветеринариялық талаптарға сәйкес келген жағдайда оларды одан әрі өңдеу және қайта өңдеу жүргізіледі, ал қалдықтар кәдеге жаратылады, – деп көрсетеді министрлік.

Сондай-ақ мал шаруашылығы өнімі шығу тегін, шығу жерін және олардың қауіпсіздігін растайтын ветеринариялық дәрігерлер берген ветеринариялық анықтамасыз ет өнімдерін сатып алуға тыйым салынады.

Ал ішкі сауда объектілерінде ветеринариялық инспекторлар тарапынан күнделікті бақылау жүзеге асырылып отыратынын айтады.

Олар сою объекттісінен ветеринариялық анықтаманың және таңбаның болуын; тасымалдау кезінде температуралық режимнің сақталуын; зертханалық бақылау нәтижелерін тексереді. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тұтынушыларға арнайы бөлінген орындарда және азық-түлік және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікке сәйкес ветеринариялық ілеспе құжаттары болған кезде ет сатып алуды ұсынады, – деп жазады министрлік.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: