Қазақстанның өзіндік ұлттық автомобиль бренді пайда болуы мүмкін. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Малайзияның Perusahaan Otomobil Nasional Sdn. Bhd. (PROTON) автомобиль компаниясымен меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстанда автомобиль өнеркәсібін дамытуға және ұлттық автокөлік өндірушісін қалыптастыруға бағытталған. Қазақстандық автокөлік өндірісі жолға қойыла ма? Өндіріс қандай сипатта іске асырылады? Ұлттық автобренд жасауға еліміз қаншалықты дайын, әрі экспортқа әлеуетіміз жеткілікті ме? BAQ.KZ тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.
«Бәйтерек» холдингі не дейді?
«Бәйтерек» холдингінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда қазақстандық автомобиль бренді серіктестің технологиялық шешімдері негізінде локализацияланған бірлескен өндіріс сипатында құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Холдинг жобаны Қазақстанға жаңа инвесторларды тарту аясында пысықтап отыр.
Қазіргі уақытта жобаның нақты параметрлері бекітілген жоқ. Малайзия тарапы нарықты және әлеуетті өндірістік алаңдарды зерттеп жатыр. Жобаны іске асыру мерзімдері, кезеңдері мен локализация деңгейі осы жұмыстың қорытындысы шыққаннан кейін анықталатын болады. Жоба мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануды қарастырады. «Бәйтерек» холдингі арқылы қаржыландыру тетіктері, сондай-ақ Индустрия және құрылыс министрлігі ұсынатын өнеркәсіптік саясат аясындағы құралдар қарастырылып жатыр, – деп жауап берді редакцияның ресми сауалына.
Ұлттық басқарушы холдингтің мәліметіне сүйенсек, PROTON мен Қазақстан қазір мәміленің құрылымы мен инвестициялық міндеттемелерді бөлу мәселесін талқылау үстінде. Нақты параметрлер жоба бойынша бірлескен жұмыстың аяқталуынан кейін белгіленеді.
Бұл сатыда өндіріс көлемі, модельдік қатар және экспорт бағыттары туралы айтуға ерте. Бұл көрсеткіштер тиісті есептеулер жүргізілген соң анықталатын болады, – деді холдинг өкілдері.
«PROTON»-мен серіктестік – жаңа мүмкіндік»
Холдингтің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин малайзиялық компаниямен әріптестік қарым-қатынас орнату отандық автомобиль өндірісіне тыңнан жол ашатынын алға тартты.
PROTON компаниясымен әріптестік орнату – отандық автомобиль өнеркәсібін жаңа деңгейге шығаратын маңызды қадам. Серіктестеріміздің жинақтаған тәжірибесі мен технологиялық мүмкіндіктері бізге заманауи өндірістік негіз қалыптастыруға, әрі болашақта ұлттық автокөлік брендін құруға берік база жасайды. Бұл бастама еліміздегі индустрияландыру процесіне де, жалпы экономикалық өсімге де оң әсер етеді – дейді «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин.
Әрі бұл келісім Малайзия компаниясының Қазақстандағы халықаралық серіктестік аясын кеңейтуіне жол ашады.
Басқарушы холдинг машина жасау саласын күшейтуге және халықаралық инвестициялық байланыстарды кеңейтуге бағытталған жобаларды қолдауды жалғастырамыз деп отыр.
Сарапшы: Ұлттық автобренд – қажеттілік
«Жалпы жол» Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығы» ҚБ президенті, авто сарапшы Арсен Шакуовтың пікірінше, ең алдымен, ұлттық бренд құру – бұл қажеттілік.
Жай ғана «өзіміздің автоөнеркәсіп бар» деп көрсету үшін емес, бұл – қажеттілік. Егер біз басқа брендтердің көлігін шығарсақ, соған қоса, өзіміздің ұлттық брендіміз де болуы тиіс. Өйткені өз бренді жоқ елге «өзге маркаларды шығарып жатырмыз» деу қисынсыз. Сондықтан бұл саяси жағынан да, өндірістік жағынан да маңызды бастама. Оның үстіне, біз бұл туралы «Қазақстан өз автобрендін шығарады» деп 20 жыл бұрын-ақ айтқанбыз. Демек, ұлттық бренд – ең алдымен саяси мағынасы бар қадам, – дейді Арсен Шакуов.
Айтуынша, сол ұлттық бренд негізінде біз шын мәнінде автомобиль жасау саласында өз бағытымызды қалыптастыра аламыз.
Мысалы, өзіміздің қазақ электромобилін жасайтын күнге жетуіміз мүмкін. Бірегей электромобиль. Менің ойымша, бізде ерекше аккумулятор жасауға жеткілікті химиялық элементтер бар. Мәселен, шартты түрде бір жыл бойы қуаттауды қажет етпейтін батарея жасау мүмкіндігі туса, біз әлемге мүлде жаңа өнім ұсына аламыз. Мұндай таланттар ертең-ақ пайда болуы мүмкін. Сондықтан бастаманы дәл қазір қолға алу маңызды, – дейді ол.
Proton тиімді ме?
Арсен Шакуовтың пайымдауынша, Малайзияның ұлттық бренді – Proton бастапқыда Mitsubishi платформасында жасалған. Яғни малайзиялықтардың да толығымен «нөлден» жасалған бренді жоқ. Ол – АвтоВАЗ секілді немесе Toyota сияқты толық тәуелсіз база.
Proton – негізі Mitsubishi. Егер бізде өндіріс Proton базасында жүзеге асса, онда бұл – Mitsubishi технологиясы, демек, жапон сапасы деген сөз. Сондықтан біз технологиялық тұрғыдан сапалы көлік шығара аламыз, – деп түсіндірді автосарапшы.
Ал автокөлік коммерциялық тұрғыдан табысты болу үшін қандай шарттар қажет дегенге бірнеше талапты атады.
Бірінші талап – бағасы бәсекелестерден төмен әрі қолжетімді болуы керек. Яғни азаматтарға ұлттық көлікті жеңілдікпен, арнайы шарттармен сатып алу мүмкіндігін жасау қажет. Мысалы, ұлттық брендтегі көлікті сатып алғанда мемлекет тарапынан 20–50% көлемінде субсидия беру секілді тәсілдер қолданылуы мүмкін. Бұл брендтің «банкроттық аймағына» түсіп кетпеуіне көмектеседі.
Ұлттық көлік «ұлттық болғаны үшін» ғана арзан болмауға тиіс. Бағасы әлемдік стандарттарға сай болуы керек. Экспортқа шыққанда да бастапқы кезеңде бағаны төмен ұстап, аудиторияның сенімін жаулап алу маңызды. Мұның бәрі маркетингке байланысты, әрине. Бірақ сапа бірінші орында тұрады. Егер технология жапондікі болса, сапаға қатысты уәж жоқ.
Әрине, біз бірден Hyundai, Chevrolet немесе KIA-мен деңгейлес боламыз деп айту қиын. Бірақ егер бұл шынымен Proton платформасы болса, онда біз өзімізді «Mitsubishi деңгейіндегі» өнім өндіруші ретінде көрсете аламыз. Өйткені Proton – бұл Mitsubishi. Демек, сапа жоғалмайды. Ал маркетингті қызықты етуге болады: «Ұлттық көлік сатып алсаң, пәтер беріледі» деп әзілдеймін, бірақ халықты қызықтыратын механизмдер ойластырған дұрыс. Ең бастысы – бұл біздің өніміміз. Патриотизм де рөл ойнайды, – дейді Арсен Шакуов.
Қазақстан өндірістік тұрғыдан дайын ба?
Арсен Шакуов Қазақстан өндіріске 110%-ға дайын деп отыр.
Бізде тәжірибе де бар, құрастырумен айналысып жүрген зауыттар да бар. Иә, әзірге толық өндірмейміз, бірақ құрастыруды меңгердік. Сондықтан өзіміздің қозғалтқышты да, бөлшектерді де жасауға қабілетіміз бар. Инфрақұрылым да дайын. Ең маңыздысы – бізде өз қозғалтқышымызды жасап шығаратын ғылыми әлеует бар. Бұл – үлкен жетістік, – дейді сарапшы.
Сондай-ақ ол шетел технологияларын трансферлеу – міндетті қадам екенін басып айтты.
Қазақстанға жаңа технология келеді, бұл бізге жаңа компоненттер, жаңа өндірістік желілер жасауға мүмкіндік береді. Ұлттық бренд пайда болғаннан кейін біз өзіміздің қосалқы бөлшектерімізді: аккумулятор, радиатор, шиналар, пластик, әйнек және басқа көптеген компоненттерді шығара бастаймыз. Локализация – ең басты міндет, – дейді спикер.
Экспортқа шығуға қабілеттіміз бе?
Иә, әлеует бар. Әсіресе, егер бұл жапон технологиясына негізделген қазақ бренді болса. Алғашқы нарықтар – Ресей, Орталық Азия: Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан. Одан кейін Үндістан, Палестина, Пәкістан секілді нарықтарға шығуға болады. Ал болашақта, әрине, Еуропаға бағытталуымыз мүмкін, – деді Арсен Шакуов.
Ұлттық автобренд қалай жасалуы керек?
Ал авто сарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, қазір автокөлік жасап шығару үшін кем дегенде, Қытайдың өзімен жұмыс істеген әлдеқайда қисынды болар еді.
Себебі Малайзия әлемдік автоөндіріс бойынша көшбасшылар қатарына да, тіпті жетекші елдер қатарына да кірмейді. Сондықтан да бұл таңдау, шынын айтқанда, өте түсініксіз. Демек, малайзиялық компанияның артында кім тұрғанын, нақты қандай құрылым екендігін тереңірек түсіндіру қажет болатын сияқты, – деп атап өтті сарапшы.
Сондай-ақ ол ұлттық автомобиль бренді импортқа тәуелділікті қалай азайтуы мүмкін екендігі туралы сөз қозғады.
Ең алдымен, бұл – қандай деңгейде локализация жасалатынына байланысты. «Ұлттық бренд» дегенді мен былай түсінемін: біз оны өзіміз жасауымыз керек. Яғни автодизайнерлерді, инженерлерді жалдап, ғылыми-зерттеу институтын құрып, кәсіби база қалыптастыруымыз қажет. Сол жерде тәжірибелі мамандар отырып, шынайы жаңа модельді ойлап табуы тиіс. Алдымен біз қандай көлік жасағымыз келетінін анықтап алуымыз керек. Дизайнын сызу, қозғалтқышын таңдау, қандай агрегаттар орнатылатынын шешу – бәрі осыдан басталады, – дейді Алексеев.
Сәтсіз жоба болмай ма?
Алексеевтің сөзіне сүйенсек, ұлттық бренд жасауды бұрын да қолға алғанбыз.
Мысалы, Nomad жобасы. Ол да таза ұлттық жоба болмады: SsangYong негізінде Қостанайда құрастырылып, үстіне Nomad логотипін жапсырды. Бірақ жоба толық сәтсіздікке ұшырады. Бұл идеяның уақыты келгенін мойындаймын, бірақ мұны не өз күшімізбен толықтай бастан-аяқ жасау керек, не нақты бір платформа негізінде жасау қажет. Қазір оның екеуі де анық емес, – деп атап өтті Алексей Алексеев.
Сонымен қоса ол жобаға қаржыны мемлекет бермеуі тиіс деп отыр.
Ең бастысы – бұл үлкен қаржы. Бір ғана жаңа платформа әзірлеу бірнеше миллиард долларға шығады. Бұл ақшаға кім жауап береді? Мемлекет бере ме? Мемлекет бермеуі тиіс. «Бәйтерек» те – мемлекеттің құрылымы, демек, бұл да мемлекеттік инвестиция болып шығады. Бір платформа – миллиардтар. Оның үстіне мамандар, зауыт салу, құрастыру желісі – бәрі қосыла береді. Сондықтан менің ойымша, бұл жоба қазіргі бар зауыттың базасында жасалады. Бәлкім, бар брендтердің бірін қайта атау немесе қайта брендинг жасау болуы мүмкін. Бүгінгі малайзиялық компания – шын мәнінде кіммен жұмыс істейтінімізді уақытша «жасырып тұрған» атау ғана болуы да ықтимал. Мен бұны нақты айта алмаймын, бірақ логикалық тұрғыдан солай көрінеді. Өйткені көлікті «нөлден» жасау – өте күрделі процесс, – деді авто сарапшы.
Көліктерді қайда сатамыз?
Алексей Алексеев «Жаңа бренд жасасақ, оны қайда өткіземіз?»деген сұрақты алға шығарды.
Біздің нарық өте шағын – 20 млн адам. Көрші нарықтардың көбі бізге жабық. Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан – шағын нарықтар. Түрікменстанға көлік жеткізудің өзіндік логистикасы өте қымбат. Өзбекстанда өз автоөндірісі бар, ол жаққа экспорт жасай алмаймыз. Ресей – барлығына есігін жапқан. Утильалым мөлшерлемелері өте жоғары, олар импорт алмайды. Сонда біз жаңа брендті қайда өткізбекпіз? Импортқа тәуелділікті қалай азайтамыз? Бізде қазірдің өзінде үш автозауыт бар, Алматыда тағы біреуі салынып жатыр. Сонда төрт ірі зауыт болады. Бұл жерде ең басты сұрақ: біз сол көліктердің бәрін қайда сатамыз?, – дейді сарапшы.
Айтуынша, импорт бізге тек Қазақстанда өндірілмейтін брендтер бойынша ғана қажет. Мысалы, неміс көліктері, жапон маркалары: олар Қазақстанда зауыт салмайды, демек, біз оларды импорттауға мәжбүрміз. Ал ұлттық бренд импортқа тәуелділікті тек бір жағдайда: егер ол нарықта мықты сұранысқа ие болса ғана азайтады.
Бізде шешуші фактор – баға. Қолжетімді әрі жеңілдікпен алынатын болса, сұраныс та болады. Мүмкін, арнайы жеңілдетілген кредиттер, субсидиялар енгізілуі мүмкін. Ал экспортты брендті құрмас бұрын жоспарлау керек. Қазір көрші нарықтардың өзі бізге қолжетімсіз немесе тым тар. «Жаңадан шыққан модельді» кім сатып алады? Өте күрделі сұрақ, – деді Алексеев.
Алғашқы модельдер қандай болуы тиіс?
Автосарапшы басты бағыт – қос модель:
- қалаға арналған шағын арзан седан;
- компакт кроссовер болуы қажет деп отыр.
Қазақстанда ең көп сатылатын – қолжетімді бағалы шағын седан.
Ішкі сұраныс жеткілікті ме?
Алексеевтің пікірінше, Қазақстанда автопарктің жаңару көрсеткіші төмен.
Елде 6 млн көлік бар, жыл сайын 200 мың жаңа көлік сатылады. Бұл өте аз. Нарықтың толық сыйымдылығы – 450 мың. Бірақ оған жету қиын, себебі:
- доллар бағамы өседі: бөлшектер қымбаттайды;
- бөлшектердің бәрі импорттық;
- кредиттік бағдарламалар жоқ;
- лизинг шарттары ауыр.
Баға өскен сайын сұраныс та төмендейді, – дейді автосарапшы.
Жоба әзірге алдын ала келісім деңгейінде ғана тұр, ал басты параметрлер әлі айқындалмағанымен, бір нәрсе анық: ұлттық автомобиль бренді жасау – бүкіл сала үшін үлкен сын болғалы тұр. Сарапшылар бұл бастамадан да мүмкіндік, да тәуекел көріп отыр: платформа бағасынан бастап, нарықтың тарлығына дейінгі қауіптер аз емес. Табыстың кілті бағаға, сапаға, өндірістің жергілікті үлесіне және ішкі сұранысқа тікелей байланысты болмақ.
Алайда бұл жоба қазақ автоөнеркәсібінің жаңа дәуірін бастай ма, әлде жолға шыға алмай қалған кезекті талпыныс болып қала ма? Басты сауал әлі күнге ашық күйінде қалып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
