Елде мемлекет үлесін экономикадан айтарлықтай қысқарту дайындалып жатыр. Құны 2 трлн теңгеден асатын 500 компанияның тізімі жасалды, оларды жекешелендіру, IPO/SPO арқылы биржаға шығару немесе қысқарту ұсынылған. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға жауап беру барысында мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазір мемлекет балабақша мен ауруханадан бастап ірі ұлттық холдингтерге дейін шамамен 6 мың компанияның қызметіне қатысады. Сол кәсіпорындардың бір бөлігі жеке бизнес те өздігінен дами алатын салаларда жұмыс істейді.
Анықтама: Мемлекеттің компаниялардағы үлесінің көп болуы бәсекелестікті төмендетіп, жеке бизнестің дамуын тежейді. Бұдан бөлек, мұндай кәсіпорындар көбіне тиімсіз жұмыс істеп, бюджетке қосымша салмақ түсіреді.
Мемлекет үлесі қалай қысқартылады?
Жалпы алғанда, үкімет қазір бірқатар компанияны жекешелендіріп жатыр. Бәсекелес ортаға 922 млрд теңге сомасына 396 нысан берілген, ал 69 кәсіпорын таратылған немесе қайта ұйымдастырылған.
Биржаға «ҚазМұнайГаз», KEGOC және Air Astana сияқты алып компаниялар шықты.
Енді 500 компаниядан тұратын тізім жасалды, оларды:
- жекешелендіру;
- биржаға (IPO/SPO) шығару;
- не қысқарту жоспарланып отыр.
«Компаниялар отын-энергетика кешені, өнеркәсіп және индустрия, агроөнеркәсіптік кешен, транспорт және байланыс, қаржы нарығы және басқа да салаларда ұсынылған», – делінген депутаттық сауалға жауапта.
«Самұрық-Қазына» қорының бірқатар компаниясы бойынша, соның ішінде «Қазақтелеком», Kcell және Qazaq Green Power бойынша IPO-ға шығару мәселесі талқыланып жатыр.
Анықтама: IPO-ға шығару – компанияның (мемлекеттік немесе жекеменшік) акцияларының бір бөлігін биржада сату арқылы инвестиция тарту процесі. Яғни компания жария болады, ал оның иелері қатарындағы инвесторлар – қарапайым азаматтар да болуы мүмкін.
Оптимизация үш кезеңде – 2026 жылдан 2030 жылға дейін жүргізіледі.
«Қазақстанда квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға 2026 жылдың аяғына дейін мораторий енгізілген», – деп те атап өтті Олжас Бектенов.
Қосымша, демонополизацияны жеделдетуге тиіс алтыншы антимонополиялық топтама Мәжіліске енгізілді.
Анықтама: Демонополизация – нарықтағы монополияны азайту немесе жою процесі. Мақсаты – бірнеше компанияның еркін бәсекелесуіне жағдай жасап, бағаны төмендету және тауар мен қызмет сапасын арттыру.
Бұл неге маңызды?
Бұл процесс бірнеше мәселелерді шешуге бағытталған:
- экономикадағы мемлекеттің монополиялық үлесін азайту, осылайша жеке сектордың жылдамырақ өсуіне жағдай жасау;
- активтерді басқару тиімділігін арттыру – қазіргі кейбір мемлекеттік компаниялар шығынды немесе тиімсіз;
- IPO/SPO арқылы инвестиция тарту;
- әділ бәсекелестік орнату.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
