Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Қазақстанның 13 облысында жылдық инфляция жылдам өсіп жатқанын айтты.
– Көкөніс бағасының 8,7%-ға және жеміс бағасының 2,4%-ға маусымдық төмендеуіне қарамастан, Қазақстанда инфляция 8,9%-ға жетіп, жылдамдауын жалғастырды, – деді Досаев үкімет отырысында.
Айтуынша, монетарлық емес факторларды тұрақтандыру үшін биыл қыркүйекте үкімет әкімдермен бірлесіп инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенін іске асыра бастаған. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасы тамыздағы ең жоғары 10,4%дан қыркүйекте 9,6%-ға дейін төмендеген.
Алайда қазанның бірінші аптасының қорытындысы бойынша баға тағы да өсіп, жыл басынан бері 9,9%-ды құрады. Әлеуметтік маңызды азық-түліктің қымбаттауына жұмыртқа, тауық еті, қырыққабат, қант пен сиыр еті бағасының өсуі әсер еткен.
– Қыркүйекте дизель отынының бағасы 3,8%-ға өсті, ал жекелеген облыстарда 10%-дан асты. Өндірістің ұлғаюы мен экспорттың тоқтауына қарамастан, дизель отынының тапшылығы байқалуда. Бұл инфляциялық қысымды күшейтіп, басқа тауарларға жанама әсер етіп жатыр, – деді Досаев.
Ұлттық банк төрағасы өткен айда 17 өңірдің 13-інде жылдық инфляция жеделдегенін мәлімдеді. Алты облыста инфляция 9%-дан асқан.
Досаев инфляцияны «ұстап тұру» үшін өңірлік нарықтарда бағаны тұрақтандырып, тауарлар тапшылығына жол бермеу керек екенін айтты.
Дереккөз: https://qamshy.kz/
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!