Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкіметтегі брифингте ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр елде аграрлық өнімді өңдеу деңгейін 70 пайызға дейін жеткізу мақсаты қойылғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл бағытта нақты істер атқарылып жатыр, алғашқы нәтижелер де бар.
Мемлекет басшысының өңдеуді, оның ішінде терең өңдеуді дамыту туралы тапсырмасы бар. Бүгінде бізде астықты терең өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Солтүстік Қазақстан облысындағы BioOperations, сондай-ақ еліміздің оңтүстігіндегі AgroFood пен Жарқын крахмал-сірне зауыты. Жұмыс мұнымен тоқтамайды. Қазір тағы бес жаңа кәсіпорын салу жоспарда. Біз Жамбыл облысында Fufeng зауытының, Астанадан 20 шақырым жерде Терьяки зауытының және Қостанай облысындағы тағы бір кәсіпорынның құрылысын бастап кеттік. Ал екі жоба бойынша инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Жалпы, бұл – үлкен қадам, – деді Сапаров.
Министрдің айтуынша, жаңа өндірістер іске қосылғанда жылына қосымша 2,5 миллион тонна астықты өңдеуге мүмкіндік туады. Бұл – фермерлер үшін айтарлықтай қолдау.
Бұл зауыттар нарықтан шамамен 2,5 миллион тонна астық сатып алады. Бұл фермерлерге үлкен қолдау, себебі тұрақты ішкі сұраныс қалыптасады. Біз жай ғана астық сатпай, қосылған құны бар дайын өнім аламыз. Бұл – жұмыс орындары және экономика үшін табыс, – деп атап өтті министр.
Айдарбек Сапаров Қазақстан біртіндеп шикізаттық үлгіден бас тартып, өңдеу бағытына көшіп жатқанын айтты.
Біз жай ғана шикізат экспорттай беруді тоқтатуымыз керек. Басты мақсат – өнімді ел ішінде өңдеу, өндірісті дамыту, дайын тауар шығару. Сонда қосылған құн өз елімізде қалады, – деп қорытындылады ауыл шаруашылығы министрі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
				
					