2025 жылдың қыркүйегінде қазақстандықтардың банктердегі депозиттері 26,4 трлн теңгеге жетіп, тарихтағы ең жоғары көрсеткішке шықты. Ал теңгедегі салымдар бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі 14,4% болды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Ұлттық банкінің дерегінше, бұл қаражаттың барлығы жеке тұлғаларға, яғни қарапайым азаматтарға тиесілі. Бір айдың ішінде депозит көлемі 339 млрд теңгеге (1,3%) артқан, ал бір жылда – 4 трлн теңгеге (18,12%) өскен.
Негізгі бөлігі теңгелік депозиттерге тиесілі. олардың үлесі 77,49% немесе 20,4 трлн теңге. Ал шетел валютасындағы салымдар 22,51% немесе 5,9 трлн теңгені құрады. Айлық өсім теңгелік депозиттерде 1,56%, ал валюталықтарда керісінше 0,41%-ға төмендеген.
Қазақстандықтардың теңгедегі салымдарды таңдауының басты себебі – жоғары пайыздық мөлшерлеме. Ұлттық банк мәліметінше, қыркүйекте теңгедегі депозиттердің орташа нарықтық мөлшерлемесі 14,4%, ал долларлық салымдарда бар болғаны 0,9% болды.
Бұл көрсеткіштер елдегі инфляция деңгейінен жоғары, демек, мұндай депозиттер тек жинақты қорғап қана қоймай, нақты табыс әкелуде.
Мамандардың болжамынша, алдағы уақытта пайыздар одан әрі өсуі мүмкін. Себебі Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тарихи максимумға көтерген, бұл банктерді өз депозит өнімдері бойынша да сыйақыны арттыруға итермелеуде.
Сонымен қатар, кейбір салым иелеріне 157 мың теңге көлемінде сыйлықақы төленетіні хабарланған. Бұл премияны кімдер алатыны бұған дейін түсіндірілген болатын.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
