2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жеке гигиена заттары мен тұрмыстық химия бағасы айтарлықтай өскені байқалды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, кейбір тауар санаттарында жылдық өсім 11,2%-ға жетіп, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясынан әлдеқайда жоғары болған, – деп хабарлайды kursiv.media
Тіс пастасы мен сабын бағасы шарықтады
- Сабын (100 г) бағасы 11,2%-ға өсіп, орта есеппен 596 теңгеге жетті. Ең қымбат баға Алматы, Атырау және Астана қалаларында тіркелді, бұл өңірлерде бір дана сабын бағасы 700 теңгеге жуықтайды.
- Тіс пастасының (75 мл) құны 9,5%-ға артып, 1 257 теңгеге дейін жеткен. Таразда (+24,4%) және Шымкентте (+26,5%) бағаның күрт өсуі байқалды, бұл қалаларда паста бағасы 1 500 теңгеден асқан.
- Шампунь (200 мл) бағасы 8,9%-ға көтерілген. Ел бойынша орташа баға – 1 310 теңге. Шымкентте бұл өнімнің бағасы 1 515 теңгеге дейін өскен.
Жуу ұнтағы
500 граммдық жуу ұнтағының орташа бағасы 4,8%-ға өсіп, 850 теңгеге жетті. Орташа өсім бірқалыпты болғанымен, ірі қалаларда баға әлдеқайда жоғары:
- Алматы – 960 теңге
- Ақтау – 917 теңге
- Қостанай – 906 теңге
Балалар сабыны күрт қымбаттады
Республика бойынша балалар сабынының бағасы орта есеппен небәрі 1,2%-ға ғана өскенімен, кейбір мегаполистерде күрт қымбаттау байқалды. Астана мен Шымкентте бұл тауардың бағасы бір жылда 19%-ға жуық өскен.
Айта кетейік, 2025 жыл Қазақстанда ішкі сауда көлемі артқанымен, оның өсу қарқыны алдыңғы жылмен салыстырғанда баяулады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, былтыр ішкі сауда 8,9%-ға өсті. Бұл 2024 жылғы 9,1%-дық өсімнен төмен көрсеткіш.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
