Қазақстанда киім қымбаттады. Әсіресе ерлер киімінің бағасы айтарлықтай өсті, деп хабарлайды Energyprom.kz сарапшылары.
«Наурыз айының қорытындысы бойынша сыртқы киім бағасы бір жылда 4,9 пайызға және бір айда 0,3 пайызға өсті. Оның ішінде ерлер киімі 5 пайызға, әйелдер киімі 4,9 пайызға, балалар киімі 4,5 пайызға қымбаттады», – деп жазады сарапшылар.
2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында еліміздің компаниялары жеті миллиард теңгеге киім-кешек өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,1 пайызға көп. Өңірлік бөліністе киім өндірісінің ең көп көлемі Алматы облысына тиесілі болды. Көшбасшылар үштігіне Алматы мен Қарағанды облысы да кірді.
Алайда, сарапшылар Қазақстанда тігілген киімге сұраныс аз екенін атап өтті. Себебі нарық толығымен импорттаушыларға тиесілі.
«Қазақстандықтар жергілікті киімге сене алмайды. Мысалы, осы жылдың қаңтар айында, трикотаж сырт киім өндірісінің өсуіне қарамастан, жергілікті компаниялар сұранысты 0,6 пайызға ғана қамтамасыз ете алды. Импорт үлесі тиісінше 99,4 пайызды құрады. Елге 934,8 мың өнім әкелінді – бұл 11,8 пайызға көп. Бір жыл бұрынғыға қарағанда свитер мен жемпір (сұраныстың 1,3 пайызы) және шұлық (3,9 пайыз) сегментінде жағдай біршама жақсы», – делінген зерттеуде.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!