Қазақстанда кемі 300 мың теңге жалақыны қандай мамандық иелері алатыны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі HeadHunter платформасына сілтеме жасап.
HeadHunter Қазақстан сарапшылары келтірген дерекке сүйенсек, жалақысы 300 мың теңгеден басталатын ең көп жұмыс орындары «Сауда» саласының (42%) мамандарына ұсынылған.
Екінші орында құрылыс пен жылжымайтын мүлік қызметкерлері (12%) болса, үшінші орын ақпараттық технологиялар, интернет, телеком мамандарына (11%) бұйырған.
Жоғары жалақы негізінен Алматы (43%), Нұр-Сұлтан (28%), Қарағанды (5%), Шымкент (3%) және Атырау (2,5%) қалаларында тіркелген.
Сәуір айында ең жоғары жалақы сауда мамандарына, оның ішінде тәжірибесі жоқ жылжымайтын мүлік менеджерлеріне 2 млн теңгеге дейін ұсынылған. Сондай-ақ, медицина қызметтері бойынша сауда менеджерлеріне 800 мың теңгеге дейін төленетіні анықталды.
Кемі 6 жылдық тәжірибесі бар қызметкерлерді басқарушы директорге – 1 400 000 теңгеге дейін, сондай-ақ, кемі 6 жылдық тәжірибесі бар есепшілерге – 600 000 мың теңгеге дейін, ал автоэлектр желісін білетін және GPS-ті орнатуға арналған арнайы техникамен жұмыс тәжірибесі бар инженер-монтаждаушыға 600 мың теңгеге дейін айлық жалақы ұсынылуда.
Жалпы сәуір айында Қазақстан бойынша жалақысы 300 мың теңгеден жоғары сегіз мыңнан аса жұмыс орны ұсынылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!